Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:20

Қазақстанда жанармай нарығын билеген қытайлық компания жазаланды

Қытай
Фото: ашық дереккөз

Жоғарғы сот АЗРК мен Қытайдың ұлттық CNPC компаниясына қарасты ірі мұнай-газ кәсіпорны – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы екі жылға созылған дауға нүкте қойды.

Сот компанияның контрагенттерге әділетсіз талаптар қойғанын растады. АЗРК-ның Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген монополияға қарсы тергеу барысында «СНПС-Актобемунайгаз» отын нарығындағы үстем жағдайын асыра пайдаланғаны анықталған.

Компания серіктестерге заңға қайшы түрде тиімсіз шарттарды мәжбүрлеп енгізген — мысалы, төлемді 5 күн емес, 3 күн ішінде жүргізуді талап еткен.

Сонымен қатар компания автотанкаларды сұйытылған мұнай газымен (СНГ) тек 85%-ға ғана толтыруды міндеттеген. Бұл отынды толық тасымалдауға мүмкіндік бермей, логистиканы қиындатқан. АЗРК компанияға заң бұзушылықтарды ерікті түрде жою және контрагенттермен келісімшарттарды қайта қарау жөнінде ескерту жіберген. Алайда кәсіпорын бұл талаптарды орындаудан бас тартқан. Осыдан кейін монополияға қарсы тергеу басталып, іс сотқа дейін жеткен.

Тергеп-тексеру барысында, компанияда техникалық мүмкіндік бола тұра, автокөлікпен тасымалданатын СМГ өндірісін негізсіз шектегені және сол арқылы нарықтың басқа қатысушыларының құқықтарын бұзғаны анықталды.

Монополияға қарсы органның тергеп-тексеру қорытындысы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттары, сондай-ақ Жоғарғы сотында толық қолдау тапты. Жақын уақытта іс материалдары Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына тиісті әкімшілік шаралар қолдану мәселесін қарау үшін жолданады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – Ақтөбе облысындағы басты өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Компания Жаңажол мұнай кен орнын игерумен айналысады.

2025 жылдың ақпанында АЗРК өкілдері Атырауда Құлыбаев пен Әбілғазиннің компанияларына қатысты тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған.

Тегтер: