Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді

ЖИ
Фото: Ашық дереккөз

Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін жаңа заң толық күшіне енді. Құжатқа қол қойылғанына 60 күн өтіп, енді ол ел аумағында міндетті түрде орындалуға тиіс. Бұл заң жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мен пайдаланудың құқықтық негізін қалыптастырып, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды.

Заңның басты ұстанымы – технология қандай деңгейде дамыса да, адам әрдайым бірінші орында тұруы керек. Жасанды интеллект адамның өміріне, еркіндігіне және саналы шешім қабылдау қабілетіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Яғни кез келген ЖИ жүйесін қолдану барысында адамның дербестігі мен бақылауы сақталуы міндет.

Құжатта жасанды интеллектіні пайдаланудың бірнеше базалық қағидаты бекітілген. Атап айтқанда, ЖИ әділ әрі кемсітусіз жұмыс істеуі, оның алгоритмдері мүмкіндігінше ашық әрі түсінікті болуы қажет. Сонымен қатар жүйенің жұмысына нақты кім жауапты екені айқындалуы тиіс.

Пайдаланушылардың жеке деректері мен құпия ақпараты толық қорғалуы керек, ал ЖИ жүйелері қауіпсіз және сенімді қызмет атқаруға міндетті.

Заң азаматтарға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері мен шектеулері туралы толық ақпарат алуға құқық береді. Адамдар өз деректерінің автоматты түрде өңделіп жатқанын білуге, оның салдары қандай болуы мүмкін екенін түсінуге және мұндай өңдеуге қарсы шығуға құқылы. Сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тетіктері де қарастырылған.

Жаңа заң ЖИ жүйелерінің меншік иелері, иеленушілері мен пайдаланушылары арасындағы жауапкершілікті нақты бөліп көрсетеді. Жасанды интеллектінің өмірлік цикліне қатысатын барлық тарап жүйенің жұмысын тұрақты бақылап, тәуекелдерді басқаруға және оның қызмет нәтижелері үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауап беруге міндетті.

Жасанды интеллектіні әзірлеу және қолдану барысында энергия тиімділігі сақталып, қоршаған ортаға келетін зиян барынша азайтылуы тиіс. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау талаптары қатаң сақталмайынша, мұндай жүйелерді пайдалануға жол берілмейді. Рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу, сапалы әрі сенімді деректерді қолдану – заңдағы негізгі талаптардың бірі.

Заң жасанды интеллект жүйелерін тәуекеліне қарай үш санатқа бөледі: төмен, орта және жоғары тәуекелді. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарда немесе маңызды салаларда қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан мемлекеттік жүйелермен теңестіріледі. Сонымен қатар ЖИ жүйелері автономдылық деңгейіне қарай – адам қатысуымен жұмыс істейтін модельдерден бастап, толықтай автономды шешімдерге дейін жіктеледі.

Қазақстанда мынадай жасанды интеллект жүйелерін жасауға және қолдануға рұқсат етілмейді:

  • адамға бейсаналық немесе манипуляциялық әсер ететін;

  • жасына, денсаулығына немесе әлеуметтік жағдайына байланысты осал тұстарды пайдаланатын;

  • әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін;

  • адамның келісімінсіз эмоциясын анықтайтын;

  • жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын;

  • тыйым салынған контентті өндіретін немесе тарататын жүйелер.

Енді тұтынушылар тауар, қызмет немесе жұмыс жасанды интеллект көмегімен әзірленгенін міндетті түрде білуі керек. Синтетикалық контент арнайы таңбаланып, түсінікті ескертумен ұсынылуы тиіс.

Ал ЖИ көмегімен жасалған шығармалар авторлық құқық объектісі ретінде тек адамның нақты шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана танылады. Сонымен бірге ЖИ модельдерін оқыту үшін шығармаларды пайдалану автор немесе құқық иесі арнайы түрде тыйым салмаған жағдайда ғана мүмкін.

Жалпы алғанда, жаңа заң Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға құқықтық негіз қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға басымдық береді.