Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:20

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қауымдастықпен кездесу барысында ғылыми, инженерлік-техникалық кадрларды сапалы даярлауды күшейтудің маңызын атап өтті.

"Өздеріңіз білесіздер, 2026 жылды мен "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияладым. Біз Қазақстанды ғылым мен технологияға, техника мен өндірістік процестерге бағыттау үшін нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Бізде заңгерлер, филологтар, дипломаттар сияқты гуманитарлық мамандар тым көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Ал менталитетті өзгерту дегеніміз – оны ғылым мен технологияға бұру. Бұған біздің шамамыз жетпейді деп кім айтты? Меніңше, біз Қазақстанда нағыз менталдық революция жасауымыз керек. Осы тұрғыда университеттердің миссиясы ерекше. Олар білімді, парасатты, ел болашағына жауапты жаңа буынды қалыптастырады. Дәл университеттер мемлекеттегі интеллектуалдық элитаны тәрбиелейді. Білімді тек әлеуметтік қызмет ретінде қабылдауға болмайды. Қазіргі қарқынды өзгеріп жатқан заманда білім маңызды өндірістік күшке айналды. Қуантатыны – жастарымыз ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке және заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруге үлкен қызығушылық танытып отыр. Мемлекеттің міндеті – жастарға сапалы білімге, заманауи ғылыми базаға және жаһандық академиялық байланыстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Маңызды оқиғалардың бірі – жасанды интеллект университетінің ашылуы. Жоспар бойынша, ол биыл алғашқы студенттер мен магистранттарды қабылдайды. Жасанды интеллектті дамытудың негізі – мықты ғылым. Күрделі алгоритмдер мен инженерлік өнімдер ең алдымен дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сондықтан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, 19 наурыз күні жұмыс сапары аясында Алматыға келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  университеттің ғылыми әлеуетімен танысты.

Мемлекет басшысы кейінгі 5 жылда ғылымға салынған инвестиция көлемі 6 есеге артқанын айтты. Елде зерттеу университеттерінің саны көбейіп, олардың нақты өндіріс саласымен байланысы нығайып келеді. Үкімет деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта 200-ден астам коммерциялық жоба іске қосылған.