Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:41

Қазақстанда жеке куәлікті алғаш рет алу тегін болады

Жеке куәлік
Фото: из открытых источников

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке куәлікті алғаш рет рәсімдеу, сондай-ақ қолданыс мерзімі аяқталған құжатты ауыстыру кезінде мемлекеттік баж алынбайды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл шара құжат алу рәсімдерін жеңілдету және азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр. Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов тегін рәсімдеу тек осы екі жағдайға қатысты екенін нақтылады.

«Жеке куәлікті тегін дайындау алғашқы алу және мерзімі аяқталған құжатты ауыстыру кезінде ғана қолданылады. Ал құжаттың жоғалуы немесе бүлінуі сияқты өзге негіздер бұл тізімге кірмейді», - деді ол.

Министрліктің дерегінше, жыл басынан бері елде шамамен 1,9 млн жеке куәлік, сондай-ақ 1,4 млн-нан астам паспорт (оның ішінде балалар паспорттары да бар) берілген. Қазіргі таңда жеке куәлікті рәсімдеу үшін мемлекеттік баж 0,2 АЕК, яғни 787 теңге мөлшерінде.

Жаңа тәртіптің енгізілуі азаматтар үшін құжаттандыруды қолжетімді етіп, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға бағытталған.

Тегтер: