Қазақстанда ЖИ-маркировкасыз контентке ірі айыппұл салынады
2026 жылғы 16 қаңтардан бастап Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) арқылы жасалған контентті міндетті түрде белгілеу талабы күшіне енеді.
Тиісті норма жасанды интеллект туралы заңда көзделген. Заңға былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
Жаңа талапқа сәйкес, сурет, видео, аудио немесе мәтін болсын — егер ол жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген болса, пайдаланушы бұл туралы анық әрі түсінікті түрде ескертілуі тиіс.
ЖИ-маркировка деген не?
Заңда «жасанды интеллект жүйелерінің синтетикалық нәтижелері» деген ұғым бар. Оған:
нейрожелілер арқылы жасалған немесе өзгертілген суреттер, видеолар, аудиожазбалар, мәтіндер жатады. Әсіресе шынайы адамдардың келбетін, дауысын немесе шын мәнінде болмаған оқиғаларды имитациялайтын контентке ерекше назар аударылады.
Мұндай материалдар міндетті түрде “ЖИ арқылы жасалған”, “Жасанды интеллект” деген сияқты белгімен жариялануы керек.
Маркировка болмаса — қандай жаза бар?
ЖИ-маркировка талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне айыппұлдар енгізілді.
Алғашқы заң бұзғанда жеке тұлғаларға — 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге),
шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға — 20 АЕК (86 500 теңге),
орта бизнеске — 30 АЕК (129 750 теңге),
ірі бизнеске — 100 АЕК (432 500 теңге).
Қайталанған жағдайда (1 жыл ішінде):
жеке тұлғаларға — 30 АЕК,
шағын бизнеске — 50 АЕК,
орта бизнеске — 70 АЕК,
ірі бизнеске — 200 АЕК (865 000 теңге).
Кей жағдайларда жасанды интеллект жүйесінің жұмысы уақытша тоқтатылуы немесе мүлде тыйым салынуы мүмкін.
Қарапайым қолданушы жауапқа тартыла ма?
Қысқаша айтқанда — көп жағдайда жоқ.
Уәкілетті министрліктің түсіндіруінше, жауапкершілік ең алдымен жасанды интеллект жүйесінің иесіне немесе иеленушісіне жүктеледі. Яғни нейрожеліні жасап, басқарып отырған компаниялар.
Қазірдің өзінде көптеген ірі платформалар (мысалы, сурет жасайтын нейрожелілер) автоматты түрде логотип немесе белгі қоя бастады. Билік өкілдерінің айтуынша, болашақта бұл талап барлық ЖИ-сервистерге ортақ стандартқа айналуы мүмкін.
Маркировка қалай көрсетілуі керек?
Заңда нақты бір формат бекітілмеген. Ең бастысы — пайдаланушыға түсінікті болуы. Маркировка:
сурет немесе видеоның үстінде,
мәтіннің басында,
аудиода ескерту ретінде,
немесе интерфейсте белгі түрінде көрсетілуі мүмкін.
Мақсат — контенттің қалай және ненің көмегімен жасалғанын жасырып қалмау.
Заң қашан күшіне енеді?
Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.