Жыл сайын балалардың 25 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшырайды - Бас прокуратура
Жыл сайын қазақстандық әйелдердің 30 пайызы және балалардың 25 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл туралы Бас прокуратураның әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау бойынша семинарда айтылды.
Талқылау барысында, жыл сайын қазақстандық әйелдердің 30 пайызы және балалардың 25 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны немесе оған куә болатыны айтылды. Әр жылы полицияға отбасылық зорлық-зомбылық фактілері туралы 100 мыңнан астам арыз келіп түседі. Бұл ретте, әрбір екінші жағдайда жәбірленушілер қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазудан бас тартады, делінген хабарламада.
Семинардың қорытындысы бойынша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа заңды сәтті жүзеге асыру және жетілдіру үшін мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділерінің өзара іс-қимылын күшейту туралы шешім қабылданған.