Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алудың жалған жоды таралып жатыр
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді заңды түрде алуға мүмкіндік беретіндей көрсетілетін жалған ақпарат туралы азаматтарды ескертті.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай хабарламаларды таратушылар әйелдерге бала 1,5 жасқа толғаннан кейін Карьера орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, алты ай бойы әлеуметтік төлем алуға болады деген «схеманы» ұсынып жүр.
Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай тәсілдің ешқандай құқықтық негізі жоқ және азаматтарды жаңылыстырады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі демалысындағы әйелдің жұмыс орны сақталады, сондықтан ол жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек шын мәнінде жұмыс іздеп жүрген және еңбекке кірісуге дайын азаматтарға ғана беріледі.
Сонымен қатар министрлік жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген және белгіленген талаптарды орындаған азаматтарға ғана тағайындалатынын еске салды.
Төлем алушы жұмысқа орналасқан жағдайда бұл туралы Карьера орталығына міндетті түрде хабарлауы тиіс. Егер жалған мәлімет берілгені анықталса, төленген қаражат мемлекетке қайтарылады.
Ведомствоның айтуынша, жалған мәлімет негізінде әлеуметтік төлем алу алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін. Мұндай схемаларды таратқан адамдар да жауапкершілікке тартылуы ықтимал.
Министрліктің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанның 12 өңірінде әлеуметтік төлемдерге қатысты алаяқтық бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде жеті сот үкімі шығарылған.
Еңбек министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.
Әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат enbek.gov.kz сайтында, министрліктің ресми аккаунттарында және 1414 байланыс орталығы арқылы қолжетімді.