Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:30, 02 Маусым 2025

Қазақстандағы әкімдерді 2 жыл сынау керек - Бақытжан Базарбек

Базарбек
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пікірінше, Қазақстанда облыс, қала және аудан әкімдерінің жұмысын екі жыл мерзім ішінде бағалау қажет.

Егер осы уақыт аралығында әкім аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарта алмаса, оны "жұмыс нәтижесінің төмендігіне байланысты" қызметінен босату керек. Бақытжан Базарбектің ойынша, бірнеше жыл бойы аймақтың кіріс деңгейін арттыра алмаған әкімдер өздеріне жүктелген халық алдындағы жауапкершілікті толық сезінбейді.

  • Өз кірісінің ең төмен үлесі Түркістан облысында – 17%, Жетісу – 21%, Солтүстік Қазақстан – 25%, Ақмола – 30%, Абай облысында – 31%. Бұл жай ғана статистика емес, бұл – осы өңір әкімдерінің елге деген нақты қарым-қатынасы. Неге тиісті шаралар қабылданбай отыр? Бұл – әкімдер инвестиция мен бизнеске жағдай жасамай отыр деген сөз. Жемқорлықпен күрес те жеткіліксіз. Инновация енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау да мардымсыз, - деді депутат.

Осыған байланысты Бақытжан Базарбек облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің жұмысына екі жылдық сынақ мерзімін енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, бұл уақыт аралығында әкімдер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қоса алуы тиіс. Егер олар белгіленген мерзім ішінде нәтижелі жұмыс көрсетпесе, тиімділік болмағаны үшін лауазымынан босатылуы керек. Депутаттың пікірінше, мұндай жүйе жауапкершілікті арттырып, жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

  • Осы уақыт ішінде мынадай макроэкономикалық көрсеткіштерді бағалау қажет: кіріс деңгейі, салық жинау тиімділігі, индустриялық-инновациялық жаңалықтар, стартаптар саны, өңірдің экономикалық өсім рейтингі, инвестициялық тартымдылық деңгейі мен рейтингі, тартылған инвесторлар саны, құрылған жұмыс орындары мен нақты іске қосылған өндірістік нысандар. Егер нәтиже болмаса – әкім қызметтен кетуі тиіс. Біздің халқымыз осындай нақты әрі батыл тәсілді күтіп отыр, - деді Базарбек.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты азаматтардың әкімдердің қызметін өздері бағалай алуы үшін елдегі инновациялық және инвестициялық белсенділік деңгейін көрсететін ашық интерактивті карта әзірлеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл құрал өңірлердегі экономикалық даму, инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу сынды маңызды көрсеткіштерді нақты әрі қолжетімді түрде көрсетуі тиіс. Мұндай карта тұрғындарға жергілікті атқарушы биліктің жұмысы туралы объективті пікір қалыптастыруға мүмкіндік беріп, ашықтық пен есептілікті арттырады. Сонымен қатар бұл бастама әкімдер арасында бәсекелестік орнатып, тиімді жұмыс істеуге ынталандыруы мүмкін.