Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 06 Желтоқсан 2025

Қазақстандағы екінші АЭС қай жерге салынатыны белгілі болды

Аэс
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 5 желтоқсанда Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылында Қазақстанның екінші атом электр станциясының (АЭС) құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау өтті.

Жиынға жергілікті тұрғындар, қоғам белсенділері, мәслихат мүшелері, сондай-ақ Атомдық энергия жөніндегі агенттік, «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы және Ядролық физика институтының мамандары қатысты.

Неліктен дәл осы аймақ таңдалды?

АЭС салынатын аумақты анықтау бірнеше айға созылған кешенді зерттеулердің нәтижесінде мүмкін болды.

Атомдық энергия жөніндегі агенттік пен «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы бірқатар ықтимал локацияларды қарап, мына факторларды талдады:

елдің базалық қуатқа өсіп отырған сұранысы;

геологиялық және сейсмикалық жағдай;

қолданыстағы электр желілерінің мүмкіндіктері;

экономика үшін тұрақты энергия көзін қамтамасыз ету қажеттілігі.

Бұл талдаулар атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды. Комиссияның қорытындысы бойынша Жамбыл ауданы — АЭС салуға ең қолайлы және тиімді орын деп танылды.

Қоғамдық тыңдау барысында сарапшылар жобаның техникалық және экологиялық аспектілерін түсіндіріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.

Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.

Тегтер: