Қазақстандағы екінші АЭС-тің салынатын орны жарияланды
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 26 қаңтар күні Алматы облысы Жамбыл ауданында екінші атом электр станциясын (АЭС) салу туралы қаулыға қол қойды.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Бұған дейін Үкімет екінші және үшінші АЭС-тердің нақты орналасатын жерін анықтамаған болатын. Атом жобалары үшін ықтимал алаң ретінде Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылы мен Курчатов қаласы қарастырылған. Нәтижесінде Курчатовта көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО салу шешімі қабылданып, ал атом электр станциясын Алматы облысына салуға шешім қабылданды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.
Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.