Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:19, 31 Шілде 2024

Қазақстандағы экотуризм: қандай бағыттар танымал

1

Қазақстан – табиғи ресурстардың нағыз қоймасы. Кең байтақ дала, асқақ таулар, мөлдір көлдер мен қайталанбас шөлдер – осының барлығы экологиялық туризмді дамытуға тамаша жағдай жасайды.

Қазақстандағы экотуризм – бұл табиғатқа жақындауға және оны құрметтеуге үйренуге көмектесетін саяхат. Елде туристерді қызықтыратын таулардан көлдерге дейін ерекше табиғи жерлер бар. Туризмнің бұл түрі демалыс үшін ғана емес, табиғатты қорғау үшін де маңызды. Адамдар ұлттық саябақтар мен қорықтарды аралап, экскурсияларға қатысып, табиғаттың әсемдігіне зиян келтірместен ләззат ала алады. Қазақстандағы билік пен қоғамдық ұйымдар елдің табиғи мұрасын сақтай отырып, келушілерді көбірек тарту үшін экотуризмді дамытуға тырысып жатыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда экотуризм қандай формада бар екенін, қандай жерлерді міндетті түрде көруге болатынын және туроператорлардың экотуризмге қалай тартылатынын қарастырайық.

Экотуризм: мәні мен туризмнің басқа түрлерінен айырмашылығы

Экотуризм – басты мақсаты адам қолы тимеген табиғатпен танысу және оны қорғау болып табылатын саяхаттың ерекше түрі. Бұл терминді 1980-ші жылдары мексикалық эколог ойлап тапқан және бүгінгі күні ол табиғатты сақтауға және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған саяхатты білдіреді.

Экотуризмнің басқа туризм түрлерінен ерекшелігі ол жай ғана демалу немесе көңіл көтеруді ұсынбайды. Оған білім беру, табиғатты құрметтеу және оны сақтауға көмектесу жатады. Қазақстанда экотуризмді тұрақты, жасыл туризм деп те атайды. Саяхаттың бұл түрі адамдарға қоршаған әлемге жаңа көзқараспен қарауға, табиғаттың маңыздылығын түсінуге көмектеседі, тіпті олардың рухани өсуіне ықпал етеді.

Қазақстандағы экотуризмнің басым бағыттары

Алакөл алабы: Алакөл көлі Орталық Азиядағы ең ірі тұзды көлдердің бірі. Мұнда сіз виндсерфинг, кайтсерфинг және жай ғана жағажай демалысын тамашалай аласыз. Сонымен қатар қазіргі күнде Алакөлге баратын жол толықтай жөнделіп бітті. Мұның өзі туристер санының артуына себеп болды. Бұл туралы Жетісу облысының әкімдігі туристерді орналастыру орындарының санын есептеп, 2024 жылы көлге қанша демалушы келе алатынын айтқан болатын. 

"Қазіргі кезеңде Жетісу өңірінде Алакөл жағасында бір реттік сыйымдылығы 16,2 мың төсек-орынға есептелген 302 туристік нысан бар. Биыл жеке инвестиция арқылы құны 1,4 млрд теңге болатын тағы 8 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Өткен жылы Алакөл өңіріне 1,6 миллионға жуық адам келсе, биыл 2 миллионға жуық турист келеді деген болжам бар", - деді облыс әкімдігі өкілдері.

Бурабай: Бұл Қазақстандағы ең танымал курорттардың бірі. Мұнда жаяу серуендеуге, атқа мінуге, тарихи ескерткіштерге баруға болады.

Катонқарағай ұлттық паркі: Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен ұлттық саябақтардың бірі. Бұл жерде тау пейзаждарын, мұздықтарды, сарқырамаларды және сирек кездесетін жануарлар түрлерін көруге болады.

Маңғыстау облысы: Бұл аймақ Үстірт, каньондар, үңгірлер және тұзды көлдер сияқты ерекше табиғи ландшафттарымен танымал. Бұл жерге жылына алыс-жақын шетелден бірнеше мың туристер келеді. Маңғыстау таулары ерекше қорғалатын аймақтарға жатады.

Іле өзені: Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен сулы-батпақты алқаптардың бірі. Бұл жерде әртүрлі құстар мекендейді.

Қазақстандағы экотуризмнің түрлері

Жаяу серуендеу: әртүрлі қиындықтардағы көптеген маршруттар Қазақстанның ең шалғай түкпірлерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Ат туризмі: Атпен саяхаттау өзін табиғаттың бір бөлігі ретінде сезінудің тамаша мүмкіндігі.

Велосипед туризмі: Велосипед әуесқойлары үшін әртүрлі ұзындықтағы көптеген маршруттар бар.

Су туризмі: тау өзендерінде рафтинг, балық аулау, суға түсу – Қазақстанда су спортын ұнататындар үшін бәрі бар.

Қазақстанда экотуризмнің дамуы

Қазақстанда экологиялық туризм белсенді дамып келеді. Жаңа экоқонақ үйлер бой көтеріп, туристік маршруттар салынуда, ұлттық саябақтар мен қорықтар құрылылып жатыр. Қазақстандағы экотуризм жай ғана саяхат емес, бұл тұнық табиғатты аялап, оны сақтауға үлес қосу мүмкіндігі.

Мемлекет басшысы жолдауында туризмге ерекше мән берген еді. Осы саланы дамыту бойыншабірқатар тапсырмалар берген болатын. Сонымен бірге президент еліміздің туристік артықшылықтарын барынша пайдалануды баса айтқан еді.

 «Біз еліміздің туристік әлеуетін пайдалануымыз керек. Туризм саласында да осындай серпінді жобалар жүзеге асуы керек. Өкінішке қаай, бұл маңызды салада әлі айтарлықтай табыстар жоқ», – деген еді Қ.Тоқаев.

 Осыған байланысты «Қазақстанның табиғатты қорғау ұйымдарының қауымдастығы» экотуризмді оның барлық бағыттарының ішінде ерекшелеп, оның дамуын табиғатты сақтауға және оған ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеуге бағыттайды!

Қазақстандағы экотуризмді дамытудың әлеуеті зор, өйткені ондаған табиғи саябақтар мен қорықтар мемлекет қорғайтын аумақтар тізіміне енгізілген. Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексінде туроператорлар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға экскурсиялар ұйымдастыру кезінде ескеруі тиіс міндеттемелер қарастырылған. Турлар мұқият жоспарланған болуы керек, қоршаған ортаға ең аз әсер ететін көлікті қажет етеді және қатты қалдықтардың пайда болуын барынша азайтады.

Біздің еліміздегі экотуризм үшін танымал орындардың жалпы аумағы 26 миллион гектардаг тұратын табиғи аумақтарды құрайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ішінде Алакөл көлінің маңы, Ақсу-Жабағылы қорығы, Бурабай табиғи саябағы, Катонқарағай ұлттық саябағы, Қорғалжын қорығы, Қызыларай таулары әсіресе танымал және шетелдік және отандық туристерге жақсы таныс.

Тегтер: