Қазақстандағы ең таза жағажай

Алматы облысы халықаралық туристік форумда екі беделді марапатқа ие болды.
Ақтау қаласында 26 қыркүйекте өткен Mangystau International Tourism Forum аясында Алматы облысы бірден екі беделді марапатқа ие болып, Қазақстанның жетекші туристік бағыттарының бірі ретінде жоғары мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алғашқы марапат «ASP Арена» холдингінің бас директоры Олег Воронковқа туризмді дамытуға қосқан зор үлесі үшін табысталды. Ол Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің алғыс хатын иеленді. Бұл марапат оның көп жылғы еңбегі мен өңірдің туристік саласын ілгерілетуге қосқан үлесінің жоғары бағалануы болды.
Сонымен қатар демалушылардың пікірлері мен тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша Қонаев қаласындағы №5 жағажай еліміздегі ең үздік жағажай деп танылды. Мұндай жоғары баға жағажайдың инфрақұрылым сапасы, сервистік деңгейі және аумақтың абаттандырылуының нәтижесінде берілді. Бұл орын бүгінде өңір тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс аймағына айналып отыр.
Алынған марапаттар өңірдің туризм саласындағы табысты саясатының айғағы болды. Алматы облысы инфрақұрылымды дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Осылайша, Алматы облысы өзінің жоғары туристік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, лайықты халықаралық мойындауға ие болды.
Жалпы, Алматы облысы – Қазақстандағы ең әсем табиғи аймақтардың бірі. Мұнда Іле Алатауының қарлы шыңдары, Шарын шатқалы, Балқаш көлі, Көлсай мен Қайыңды сияқты көрікті орындар бар. Осындай табиғи байлықтар өңірдің туризм саласын дамытудың негізгі негізі болып табылады. Соңғы жылдары Алматы облысы елдің туризм экономикасының маңызды орталығына айналып келеді.
1. Туризмнің экономикалық маңызы
Туризм – өңірдің ішкі жалпы өнімінің (ӨЖӨ) шамамен 6-8%-ын құрайды.
2024 жылғы деректерге сүйенсек, Алматы облысына 1,8 млн-нан астам турист келген. Оның ішінде 450 мыңға жуығы шетелдік саяхатшылар. Туризм саласынан түскен табыс 90 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер өңірдің экономикасына мультипликативті әсер етуде: көлік, сауда, қонақүй бизнесі мен қызмет көрсету салаларының табысын арттырып отыр.
Алматы облысы географиялық жағынан да, табиғи ресурстар тұрғысынан да ерекше аймақ. Облыстың туризмін дамытуда басты бағыттар мыналар: Тау туризмі: Іле Алатауы, Көкжайлау, Шымбұлақ, Медеу; Экотуризм: Көлсай, Қайыңды, Алтын Емел ұлттық паркі; Су туризмі: Балқаш және Қапшағай су қоймасы; Тарихи-мәдени туризм: Тамғалы петроглифтері, Есік қорғаны, Жетісу археологиялық ескерткіштері.
Бұл нысандарға жыл сайын мыңдаған отандық және шетелдік туристер келеді.
Соңғы жылдары Үкімет пен жергілікті әкімдік туризмді экономиканың драйвері ретінде дамытып отыр. Бұған қатысты Іле Алатау ұлттық паркінде экологиялық бағыттағы жаңа инфрақұрылым (жаяу соқпақтар, визит-орталықтар, лагерьлер) салынып жатыр. Қапшағай мен Балқаш бойында курорттық аймақтар мен демалыс орындары ашылуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) арқылы 2024 жылы 40-тан астам туристік нысан салынды.
Алайда туризмнің қарқынды дамуына қарамастан, бірқатар кедергілер бар. Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен кадр тапшылығы – маусымдық туризмге тәуелділік. Кейбір аймақтарда экологиялық жүктеменің артуы.
2025-2030 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, Алматы облысы туризмнен түсетін табысты екі есеге арттыруды жоспарлаған. Сондай-ақ облыс халықаралық туризмді (Қытай, Орталық Азия, Еуропа елдерімен) кеңейтуді, цифрлық туристік карта мен онлайн брондау жүйесін енгізуді, экологиялық стандарттарға сай «жасыл туризм» моделін дамытуды көздеп отыр.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Алматы облысы