Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 24 Ақпан 2024

Қазақстандағы гендерлік теңдік

теңсіздік
Фото: из открытых источников

Президент Қасым Жомарт Тоқаев жастар кадр резервінің форумында әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құру үшін гендерлік теңдіктің сақталуы маңызды екендігін айтты. Мемлекет басшысы сөзінше жалпы халық санының 55%-ына жуықтаған әйелдер қауымының үлесі басшылық құрамда бар-жоғы 39%, ал саяси қызметте 10%-ға да жетпейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік береді және жынысына байланысты кемсітушілікке тыйым салады. Алайда мұны жұмыс орындарындағы әйелдер үлесінің аздығы ғана деп түсінуге болмайды. Гендерлік теңсіздік бұл азамат ретіндегі ғана емес, әрбір адамның қоғамдағы қорғалуы тиіс негізгі құқықтарының тапталуы. Қоғамда бұл жайт көбіне жалақы айырмашылығы, кәсіптік және мансаптық тұрғыдағы алалаушылық, жыныстық кемсітушілік арқылы көрініс табуы мүмкін. Әйелдер мен ерлердің ресурстарға тең қол жетімділігі немесе шешім қабылдауға қатысу үшін тең мүмкіндіктері болмауының тікелей экономикалық және әлеуметтік салдары бар.

Қазақстан Global Gender Gap Index 2023 гендерлік теңдік көрсеткішінің есебі бойынша 146 елдің ішінде 62-орында тұрақтайды. Бұдан еліміздегі нәзік жандылардың мәртебесінің қандай деңгейде екенін көре беруге болады. Дегенмен еліміз бұл мәселені жедел еңсеріп келе жатқан елдердің қатарында. Мәселен әлемдік рейтингте Қазақстан өткен жылдан бері теңдік бойынша 18 позиция алға жылжыған болса, Орта Азияда көш бастап тұр.

Елімізде 2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлік Теңдік Стратегиясында теңдік мүддесі үшін заңнаманы құру және жетілдіру шаралары белгіленген. 2030 жылға дейінгі Жаңартылған Отбасылық Және Гендерлік Саясат Тұжырымдамасы қазіргі уақытта атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыру көзделген.

Бұл мәселелерді шешу гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған инклюзивті бастамалар, отбасылық саясат пен стереотиптер, алалаушылыққа қарсы әрекеттер арқылы жан-жақты тәжірибені қажет етеді. Гендерлік саясат ер мен әйелді қарсы қойып, жынысқа бөлу емес, керісінше адамның өзі таңдап алмаған биологиялық ерекшелігіне қарамай тең қоғамдық статусқа, мүмкіндікке ие болуы деген сөз. Бұл айналып келгенде демократиялық қоғамның әр азаматқа беретін тең адами хақы.

Шабденова Айжан Базархановна, әлеуметтану саласында PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы

— Гендерлік теңдік әр адамның жынысына қарамастан бірдей ресурстарға, мүмкіндіктер мен бостандықтарға қол жеткізуін қамтамасыз етуді білдіреді. Осылайша, білім беруге, жұмыспен қамтуға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік, саяси және экономикалық қызметке қатысуға тең қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Гендерлік теңдік сонымен қатар жыныстық кемсітушілік пен теңсіздікке ықпал ететін әлеуметтік нормалардан, стереотиптерден және алалаушылықтардан бас тартуды білдіреді. Сайып келгенде, гендерлік теңдік адамдарды бағалайтын және олардың гендерлік сәйкестігіне немесе өзін-өзі көрсетуіне қарамастан бірдей қарайтын қоғам құруға бағытталған.

—Қоғамдағы маңызы қандай?

—Тұтастай алғанда, гендерлік теңдік әділетті, өркендеген және тұрақты қоғамға ықпал етеді. Онда әр адам өзінің әлеуетін бүкіл қоғамның игілігі үшін жүзеге асыра алады. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және қоғамдағы қақтығыстарды азайтуға ықпал етеді. Өйткені бұл билік пен ресурстарды тең бөлумен, сондай-ақ барлық адамдар үшін құрмет пен қолдау деңгейін арттыру деген сөз. Егер ұйымдар мен қоғамда гендерлік әртүрлілік және үйлесім болса, онда бұл инновацияны, шығармашылықты және проблемаларды еңсерруге ықпал ететін әртүрлі көзқарастар, тәжірибелер мен тәсілдер, жаңа идеялар мен жақсы шешімдерге әкелуі мүмкін. Осылайша, гендерлік теңдік қоғамда маңызды рөл атқарады, жалпы әл-ауқат пен демократиялық құндылықтардың дамуына әсер етеді.

Біздің қоғамдағы гендерлік теңдік

Ежелгі заманнан бері қазақтар қыздар мен әйелдерге құрметпен қарайды, бұған әдеби шығармалар, тарихи очерктер мен халық фольклоры дәлел бола алады. Мысалы, қазақтар "әйел бір қолымен бесікті, екіші қолымен әлемді тербетеді" дейді бұл мақал әйелдердің қоғамдағы маңыздылығын көрсетеді. Егер сіз біздің халықтық ойындар мен дәстүрлерге мұқият қарасаңыз, онда олар гендерлік теңдікке ұмтылады. Сондай-ақ, әртүрлі ақпарат көздерін зерделейтін болсақ, қазақтардың гендерлік теңдікке ұзақ уақыт бойы берілгендігі туралы көптеген куәліктерді табамыз. Бірақ жаһандану процестері мен сыртқы факторлардың әсері нәтижесінде де, біздің қоғамда да әйелдер мен қыздарға құрметсіздік фактілері, әйелдерге қатысты әртүрлі зорлық-зомбылық фактілері бар. Әрине, Қазақстанда гендерлік теңдікті сақтау үшін жағдайлар жасалуда, бірақ соған қарамастан шешуді қажет ететін проблемалық мәселелер әлі де бар. Бұл мәселенің қоғамда көтеріліп, талқылануы өте жақсы, бұл біздің осы проблемаларға бейжай қарамайтынымызды және Қазақстанда тең құқықтың салтанат құруына ұмтылатынымызды айғақтайды.

 

   Қосқанат Бауыржан