Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:50, 15 Наурыз 2024

Қазақстандағы мектеп жетіспеушілігін Ресей шешіп бермек пе?

Мишустин и Бектенов
Фото:

Наурыздың басында премьер-министр Олжас Бектенов Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің шақыруымен Мәскеуге барып келді. Әрине, жалғыз емес, «су жаңа» министрлер кабинетін бастап барды. Бектенов бастаған топ бұл жолы да Кремльге кіріптар болып қайтты. Мишустин енді біздің елдің білім саласын көркейтуге көмектеспек.

Екі ел үкіметінің кездесуінде сауда-саттық, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және мәдени-ағарту саласындағы мәселелер сөз болды. Мұндай келіссөздерде көбінде Кремль үстемдеу тұратынын көпшілік жақсы біледі. Білетіндер, Астана экономикалық және саяси тұрғыда Мәскеумен санасатынын айтып жүр. Сол үшін де Мишустин Бектеновке шекесінен қарап, шіреніп сөйлейді.

Қазақстан мектептері Ресейге қарап бой түзей ме?

«Қазақстанмен тату көршіміз, өзара құрмет көрсетеміз» деп Бектеновті арқадан қаққан Мишустин біраз жымысқы жоспарын жұқалап жеткізді. Мысалы, кездесуде кәсіптік білім беру саласында ресейлік тәжірибені енгізу мәселесі талқыланды. Ресей Қазақстан мектептеріне орыс тілі мен орыс тілінде білім беретін пән мұғалімдерін жіберуге ниетті. Олар сол арқылы Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттырмақ. «Ресей Қазақстанның педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру және Қазақстан мектептеріне орыс тілі мен басқа да пәндерді орыс тілінде оқыту үшін мұғалімдер жіберу жұмысын жалғастыруға дайын» деді Мишустин.

«Енеңді ұрайын» дегеніңді емеурініңнен білем дегендей, Мишустиннің мына сөзі тең деңгейлі көршінің әңгімесі емес. Әйтпесе, Қазақстанда орыс тілін насихаттау мәселесін талқылаған топ Ресейдегі қазақ тілінің жайы туралы неге жақ ашпады? Мишустин Қазақстанда мектеп саламын деп белсенгенде Бектенов неге Ресейде бірде-бір қазақ мектебі жоқ екенін айтпайды? Осының өзі екі елдің тең құқылы одақтас екеніне күмән туғызады.

Қазақта «өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген де сөз бар. Қазақстанға мектеп салып, мұғалім жіберетіндей Ресейдің өз білім саласы да оңып тұрған жоқ. Әлі Кеңес кезінен қалған көне бағдарлама мен құрал-жабдықты малданып жүр. Ресей білім деңгейі бойынша әлемдік рейтингтердің ешбірінде үздіктер қатарына кірмейді. Мысалы, білім беру жүйесінің сапасы жөнінен 36-орында, білім сапасы бойынша 23-қатарда тұр. Оның үстіне мұның бәрі Кремль көршісіне күш көрсетпеген бейбіт кезде жасалған рейтинг. Сондай-ақ Ресей әлемдік білім беру жүйесінде оң баға алып жүрген Болон процесінен шығып кеткен. Демек, ол елдің ғылым-білім саласындағы болашағы бұлыңғыр.

Соған қарамастан, Мәскеу Қазақстан мұғалімдерінің біліктілігін көтеруге көмектеспек. Бұл Ресейдің Орталық Азия елдерін өзімен тең көрмейтінін білдірсе керек. Олар бізді бұрынғыдай бұратана ел деп санауы мүмкін. Сол үшін өздерінде жоқ білімді бізге «үйреткелі» отыр. Бектенов бастаған топта «Мишустин мұның қалай?!» деп тепсінетін мінез жоқ. Әйтпесе, қай ел өз ұрпағының тәрбиесін өзге мемлекетке сеніп тапсырушы еді?!

Сыртқы істер министрлігіне сенеміз бе?

Ресей Қазақстанда мектеп салатыны жайлы ақпарат қоғамда қызу талқыға түсті. Көп жұрт бұған қарсы болып отыр. Осыған орай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеме жасап, елге ресейлік мұғалімдер келмейтінін айтты. «Мектеп салынатыны рас. Оны өздеріңіз білесіздер. Бірақ мұғалімдер алып келеді немесе басқа педагогтар келеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені ол жалған ақпарат» деді ол. Оның айтуынша, Ресей тарапы Қазақстанға кадр жіберетіні жайлы ақпаратты БАҚ-тан өшіріп жатыр.

Әрине, біздің билік ақталуға, өтірікті шындай соғуға шебер. Бүгін берген ақпараты ертең жалған болып шықса да еш қысылмайды. Қарапайым халық жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң жазаланады, ал шенділер «өтірігі» үшін ешқашан жауапкершілік арқаламайды. Сол үшін қазақстандық ақжағалылар «өтірік» айтудан жасқанбайды.

Бұл қатарда сыртқы істер министрлігі де бар. Мысалы, биыл қаңтарда сенатор Дархан Қыдырәлі үкіметке депутаттық сауал жолдап, Оңтүстік Африка елі асырап алған 30 бала хабар-ошарсыз кеткенін айтты. Сол кезде Айбек Смадияров бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Африкаға бала берген жоқпыз» деп шыр-пыр болған. Бірақ ақпанда үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсенова депутатқа жауап беріп, Оңтүстік Африкаға кеткен 33 бала кәмелет жасқа толып, тіркеуден шыққанын айтты.

Дүйсенованың жауабына сенсек, Смадияров мырза жалған айтқан болып тұр. Демек, шендінің шетелден мұғалім келмейді деген уәдесіне де көзсіз сене салуға болмайтын сияқты. Мектеп салып болған соң Мишустин мұғалімдерін ертіп келіп тұрса, халық та, Смадияров та қой дей алмасы анық. Сыртқы саясатта дипломатия үшін «зиянсыз өтірік» айтуға болатын шығар, бірақ елдің мәселесінде мүлт кетуге мүлде болмайды.

Қазақстанға ресейлік мектеп керек пе?

Ресей еліміздің оңтүстігінде орыс тілінде сабақ беретін үш мектеп ашуды жоспарлап отыр. Олар бұл қадамға Қазақстанда орыс тілін насихаттау үшін барғанын айтады. Осы тұста Қазақстан орыс тілі мен орыс тілді мектепке кенде ме еді деген сұрақ туындайды. Иә, әлемде орыс тілінің тынысы тарылып барады. БҰҰ-ның ресми алты тілінің ішінде Ресей тілінің ғана кежегесі кейін тартып тұр. Кейінгі 20 жылда орыс тілінде сөйлейтіндер саны шамамен 100 миллион адамға кеміді деген ақпарат бар. Бұл тіл әлемдік ғылымнан да алшақтап барады. Мысалы, 2020 жылы ағылшын тілінде 6 млн 266 мың, ал орыс тілінде небәрі 37 559 ғылыми еңбек жарияланыпты.

Бірақ Қазақстанда бәрі басқаша. Ел билігі мен бизнес саласы, БАҚ-тың көп бөлігі орыс тілінде жұмыс істеп тұрғанын білеміз. Күнделікті қарым-қатынаста да осы тіл үстемдікке ие. Заң бойынша барлық жерде орыс тілі мемлекеттік тілмен тең деңгейде қолданылады. Ал іс жүзінде мемлекеттік тілдің тағын тартып алған, заңды орысша жазып, мемлекеттік тілге калькамен аударатынымыз, сот отырыстары, жиналыстар орыс тілінде өтетіні өтірік емес.

Қазақстанда орыс тілді мектептерге де қауіп төніп тұрған жоқ. Оқу-ағару министрлігінің есебінше, елімізде қазір 7 842 мектеп бар. Оның 4 018-і қазақ тілінде, 1 000-ы орыс тілінде, 2 657-сі аралас тілде сабақ береді. Біз аралас мектептерді де орыс тілді мектеп деп бағалауға мәжбүрміз. Өйткені аралас мектепте мұғалімдер мен оқушылар орыс тілінде сөйлейді, іс-шаралар орыс тілінде өтеді. Демек, Қазақстанда 3 657 мектеп орыс тілінде білім береді деген сөз.

Сондай-ақ аралас мектептерде орыс сыныбы қазақ сыныбынан бірнеше есе көп болады. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын журналистер Астанадағы №75 мектеп-гимназиясындағы 110 сыныптың небәрі 13-і ғана қазақ сыныбы екенін біліп, таңғалған. Сол үшін біз аты аралас мектеп болғанымен, заты орыс тілді мектеп деп отырмыз. Ең өкініштісі, елде аралас мектептер жыл сайын көбейіп келеді. 2020 жылы 2 043 аралас мектеп болса, қазір 2 657-ге жетті. Яғни елдегі жалпы мектеп санының 33 пайызы. Бұл әлемде ешбір елде кездеспейтін, Қазақстанда ғана бар жағдай.

Шымкент қаласында тұратын танымал ұстаз Өмір Шыныбекұлы елдегі аралас мектептердің жағдайын баяндап берді. Сондай-ақ ол Ресей салатын мектепке қарсы тұру қиын екенін айтып отыр.

«20 жылдан бері аралас мектепте жұмыс істеп келемін. Алғашқыда мектеп басшыларының бәрі орыс ұлтынан болатын. «День святого Валентина», «Пасха» сияқты мерекелерді қалдырмай тойлайтын. Кейін оны қойды. Біз жақтағы балалардың ерекшелігі, орыс балалар қазақша, қазақ балалар орысша біледі. Қазір аралас және орыс тілді мектептердегі басты проблема – орыс тілді оқытушы жетіспейді.

Ресей біздің елде мектеп ашқалы отыр. Бұл үлкен саясат, бұған Қазақстан ашық қарсы шыға алмайтын шығар. Сондықтан одан қорғанудың басқа жолын табу қажет. Үкімет Ресей мектебін Шардара, Созақ, Мақтаарал сынды таза қазақ ауылдарында ашқызсын. Ал келетін мұғалім жайлы айтсақ, Ресей соғысқа жарамды, әскер жасындағы жастарды жібермесі анық. Қыз-келіншек мұғалімдер келетін шығар. Ал олар таза қазақ ауылына барса, үлкен мәселе туындата алмайды деп ойлаймын. Қазір Ресейдің жағдайы мәз емес, Қазақстан сияқты елдерге мектеп ашу өз-өздерін жұбату ғана сияқты. Еліміздің оңтүстігінде 3 миллиондай халық тұрады, Ресей салған 3 мектепте әрі кетсе 3-4 мың оқушы оқиды, олар өңірдегі ахуалды өзгерте қояды деп ойламаймын. Сол үшін қарсыластың күшін өзіне қарсы қолданып, салынған мектепті өз пайдамызға жаратуымыз қажет.

Орыс тілді және аралас мектепте қазақ тілі міндетті пән, бірақ оны бітірген балалар қазақша атын да жаза алмайды. Бұған біздің үкіметтің әлсіздігі себеп болып отыр. Міндетті пәнді білмесе де оқушы қалай аттестат алады? Әрине, тіл білмейтін балаға «2» қоюға болады. Бірақ бұл мұғалімнің өзіне артық әуре болады, оқушы төмен баға алғаны үшін үлкен сынға қалады. Мың түрлі құжат толтыруға тура келеді. Осындай қитұрқы тәсілдің кесірінен мұғалім түк білмейтін балаға да «3» қойып құтылады», – дейді ардагер ұстаз.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бұл мәселе әлі келіссөз деңгейінде тұрғанын айтты. Министрлікке қазірше ешқандай тапсырма түспеген. Халық ресейлік мектептің Қазақстанда қалай жұмыс істейтініне алаңдап отыр. Өйткені өзі қаржы шығарып салған мектепті Мәскеу басы бүтін бізге бере салмайтын шығар. Ресейлік оқу бағдарламасы мен Кремльдің идеологиясын ала келуі мүмкін. Сонда қаракөздеріміз «Ресей Украинадағы фашистерге қарсы арнайы операция ұйымдастырды» деген аңызға бой үйрете ме?!

Енді Бектенов Қазақстандағы мектеп жетіспеушілігін шешу үшін осындай қадамға бардық деп ақталып шықса таңғалмаңыз...

Қуаныш Қаппас