Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің ахуалы қандай?
Өңдеу секторын дамыту экономика үшін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Бұл елдің шикізаттық модельден индустриялық және технологиялық экономикаға көшуіне мүмкіндік береді.
Қарапайым тілмен айтсақ, өңдеу секторы – шикізатты, материалдарды немесе бөлшектерді жоғары қосылған құны бар өнімдерге айналдыратын экономиканың негізгі бір бөлігі деген сөз. Экономикасының негізі металл, мұнай, астық сияқты шикізат саудасына сүйенетін Қазақсан үшін де өңдеу секторы аса маңызды салалардың бірі.
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп, ел экономикасының маңызды секторына айналып келеді. Қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінің Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 13 пайызды құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары бұл сектор экономикалық өсудің маңызды драйверлерінің біріне айналған. Оның ішінде металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары салалары бар. Былтыр аталған салалар бойынша өңдеу өнеркәсібінің көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8 пайызға өсім көрсеткен.
Жалпы өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40 пайызын металлургия саласы еншілейді. Бұл салада Қазақстанда қара металлургияның шикізат көздері: темір, хромит, марганец, кокстелетін көмір, флюстік және отқа төзімді шикізаттар бар. Дәл осы металлургия құрылыс саласы, машина, кеме жасау, әуе құрылысы және басқа да қазіргі заманғы өнеркәсіп пен экономиканың маңызды бағыттарын шикізат, жұмыс материалдарымен қамтамасыз етеді. 2025 жылы металлургия саласы 9,6 пайызға өскен. 2026 жылы бұл саладағы нақты көлем индексі түсті және қара металлургия өндірісін дамыту есебінен 103 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр.
Саланың тұрақты өсуі үшін өндірісті жергіліктендіруге, жеткізу тізбегін дамытуға, инвестицияларды тартуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған дәйекті мемлекеттік өнеркәсіптік саясатты жүйелі жүргізу маңызды. Әрі жетекші салаларды қажетті материалдармен қамтамасыз ететін басқа да салаларға көңіл бөлінуі керек. Мәселен, химия өңдеу өнеркәсібі дамымаса, металлургия, ауыл шаруашылығы салалары да ақсайды. Қазір Қазақстанда минералдық, мұнай, газ және көмір шикізаттарын химиялық әдістермен өңдеп, минералды тыңайтқыштар, полимерлер, қышқылдар мен басқа да дайын өнімдер шығаратын ауыр өнеркәсіптер жұмыс істейді. Бұл жалпы өңдеу өнеркәсібі құрылымының 4,6 пайызын құрайды. Химия өнеркәсібі қазірде тыңайтқыштар, пластиктер, талшықтар, дәрі-дәрмектер, резеңке және лак-бояу өнімдері сияқты ішкі тұтынушылық сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да баса назар аударып отыр. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,7%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеден асқан.
Мемлекеттік жоспарларға сәйкес, 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесін 15 пайызға, ал 2035 жылға қарай 18-20 пайызға дейін арттыру көзделеді. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту, технологиялық даму мен кадр даярлау шаралары жүзеге асырылмақ. Сарапшылардың пікірінше, өңдеу өнеркәсібінің дамуы экономиканы әртараптандыруға, жоғары білікті жұмыс орындарын құруға және елдің технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қосқанат Бауыржан