Қазақстандағы үшінші АЭС-ті Қытай салады – Роман Скляр

Қазақстан үкіметі ел аумағында салынатын үшінші атом электр станцияларын (АЭС) Қытай компаниясы жүзеге асыратынын мәлімдеді. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 31 шілдеде өткен үкімет брифингі кезінде айтты.
"Үшінші АЭС-ті де Қытай салады. Қазір атом энергиясы жөніндегі агенттік пен «Атом электр станциялары» компаниясындағы әріптестеріміз оның орнын қарастырып жатыр. Міндетті түрде осы станцияға жақын сумен жабдықтау құрылғысы болуы керек. Келесі жылы бұл станциялардың нақты орналасу орны жарияланады деп ойлаймын," – деді Скляр.
Оның айтуынша, құрылыс құнына қатысты нақты сандар әзірге айтылмайды, себебі техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттар әлі дайын емес.
АЭС салу жөніндегі үкімет шешімі
2025 жылғы ақпанда Қазақстан Үкіметі алғашқы атом электр станциясының орнын ресми бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылында, Балқаш көлінің жағалауында салынады. Бұл жобаға Ресейлік «Росатом» жетекшілік ететін халықаралық консорциум таңдалған. Ал екінші және үшінші станцияны салу үшін Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясы ұсынылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен.
Қоғамның көзқарасы мен алаңдаушылығы
Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.