Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:40, 23 Қазан 2025

Қазақстандағы ВТБ Банкіне Еуроодақ санкция енгізді

vtb-bank
фото: vtb-bank.kz

Еуроодақ Ресейге қарсы 19-пакет санкция аясында Қазақстандағы ВТБ Банкін тізімге қосты. Шектеулер 2025 жылдың 2 желтоқсанында күшіне енеді.

2025 жылдың 23 қазанында Еуропалық Одақ Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне байланысты жаңа – 19-пакет санкция енгізді. Жаңа тізімге Қазақстандағы ресейлік ВТБ Банкінің еншілес ұйымы да енді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Санкциялар туралы ресми құжат 23 қазанда жарияланды. Онда Қазақстандағы ВТБ Банкі ЕО-ның Ресейге қарсы шектеу шаралары аясында санкцияға ілінгені көрсетілген. Санкциялар 2 желтоқсанда күшіне енеді.

«Бұл шешім — Ресейдің Украинадағы cоғыс әрекеттеріне байланысты қабылданған шектеу шараларының жалғасы», — делінген Еуроодақ Кеңесінің құжатында.

1
Фото: ЕО құжатының скриншоты

 

ВТБ Банкінің Қазақстандағы позициясы қандай?

Қазақстандағы ВТБ Банкі ресейлік ВТБ тобына 100% тиесілі еншілес компаниясы. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметке сәйкес, банктің активтері 238,7 млрд теңгені құрап, нарықтағы 23 банк ішінде 21-орында тұр.

Бұл банк бұған дейін де санкциялық қауіпке ұшыраған. 2024 жылдың шілдесінде АҚШ Қаржы министрлігі ВТБ Банкімен жұмыс істейтін компанияларға екінші деңгейлі санкциялар салу мүмкіндігі туралы ескерткен. Осыған байланысты Home Credit Bank өзара жұмыс істеуді тоқтатқан еді.

Санкциялардың кеңеюі: Орталық Азия банктері де тізімде

Еуроодақ санкциялары тек ВТБ Банкімен шектелмейді. 2025 жылдың 12 қарашасынан бастап келесі банктерге де шектеулер енгізіледі:

  • «АКБ Толубай» (Қырғызстан)

  • «Еуразиялық жинақ банкі» (Қырғызстан)

  • «Спитамен Банк» (Тәжікстан)

  • «Душанбе Сити Банк» (Тәжікстан)

  • «Тәжікстан Коммерциялық Банкі»

Бұл шешімдер Ресейдің Орталық Азия елдері арқылы санкцияларды айналып өтуін болдырмау мақсатында қабылданған.

Саяси контекст: Костин мен Тоқаев кездесуі

2025 жылдың 13 қазанында, санкциядағы ВТБ Банкінің басшысы Андрей Костин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен. Ақорда бұл кездесуде:

«Қаржылық және инвестициялық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды», — деп мәлімдеген.

Айта кетейік, Андрей Костиннің өзі де АҚШ санкцияларына ілінген және Манхэттен федералдық соты оны ақша жымқыру және санкция режимін бұзу баптары бойынша тергеген. Ол кезде Костинге 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнген болатын.

Еуропа Ресейге қарсы қысымды үдетіп жатыр

Жаңа 19-пакет аясында алғаш рет ресейлік сұйытылған газ (СПГ) импортына тыйым салынды. Қысқа мерзімді келісімшарттар 6 ай ішінде тоқтатылады, ал ұзақ мерзімді келісімдер 2027 жылдың 1 қаңтарында күшін жояды. 

Сондай-ақ, 117 ресейлік танкер санкцияға ілікті. Бүгінде ЕО санкциялық тізімінде 558 ресейлік кеме бар.

Қытайдың мұнай өнеркәсібімен байланысты төрт компаниясы да санкция тізіміне енді.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак:

«20-пакет дайын тұр. Логика қарапайым: Ресейде ақша аз болса — Украинаға атылған зымыран да аз болады», — деп мәлімдеді.

Тегтер: