Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:25

Қазақстандық адвокаттар қысым көріп жатыр: Таировтың ісі дауға айналды

Камчы
Фото: БАҚ

Қазақстандық адвокаттар ОПГ Камчы Көлбаевтің ықтимал мүшесі тарапынан қысымға ұшырап жатқандарын мәлімдеді.

Қазақстандық бірқатар адвокат заңсыз қудалауға ұшырағандарын айтып, мұның артында Қырғызстанда іздеуде жүрген кәсіпкер Ясынжан Таиров тұр деп мәлімдеді.

«Бізге, адвокаттарға, заңды кәсіби қызметімізге араласу мен кедергі келтіру орын алып отыр. Бұл — Қазақстан Республикасының заңдарында қарастырылған жауапкершілікке әкелетін әрекет. Біз Ясынжан Таировпен кездесіп, оның адвокатқа қатысты арыз беру себебін анықтадық. Сол кезде ол бізден 1 миллион доллар талап етіп, мүлкімізді сатуға мәжбүрлемек болды. Онымен бұған дейін таныс болмағанбыз. Бұл — ашық рейдерлік. Аталған әрекеттерге тергеушілер де көмектесіп отыр, олардың арасында Таировтың бауыры Алмаз Ибрагимов та бар», - деді Астананың адвокаттар алқасының мүшесі Эльмира Аппасова Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында.

Адвокаттардың айтуынша, бұл дау адвокат Ляззат Жансеитоваға қатысты істен басталған. Ол Ясынжан Таировпен келісімшартқа отырған, алайда кейіннен клиент тарапынан негізсіз талаптар қойыла бастаған.

«Арыз беруші — Таиров. Ол Қырғызстанда іздеуде жүр екен. Ол елде Камчы, Коля деген лақап атпен белгілі криминалды топқа қатысы бар деген мәліметтер бар. Бірақ белгісіз себептермен ол Қазақстан азаматтығын алған. Ол адвокатқа таныстары арқылы келіп, қызметіне ақы төлеп, келісімшарт жасаған. Алайда кейін адвокаттан ақша талап ете бастайды», - деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Айман Омарова.

Кейін адвокаттар Таиров адвокат Жансеитоваға сол таныстары арқылы байланысқан кезде арадағы бір адамның одан ақша алғанын анықтаған.

«Бір азамат Таировтан ақша алғанын мойындады. Бірақ соған қарамастан, айып адвокатқа тағылып отыр. Адвокатқа “алаяқтық жасады” деп айып тағып жатыр. Бірақ адвокат пен клиент арасында келісімшарт бар. Тергеушілер — Амантай мен Абжанов — адвокаттың мәртебесін жасырып, оған тінту жүргізуге санкция алған», - деп түсіндірді Омарова.

Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, адвокат пен оның әріптестері, туыстары түрлі қысымға ұшыраған: тінтулер, құжаттарды санкциясыз тәркілеу, есірткіге ұқсас заттарды «тастап кету» әрекеттері болған.

«8 мамырда адвокат Жансеитованың пәтерінде заңсыз тінту болды. Оған дейін есіктің сыртына белгісіз бір адам ұнтақ зат салынған қалташық тастамақ болды. Жансеитова оның ішке өтуіне жол бермей, есікті жауып үлгерген», - деді адвокат Аппасова.

Адвокаттар бұл істе көптеген заңбұзушылық орын алғанын айтты: іске қатысы жоқ құжаттар тәркіленген, тізімдер жасалмаған, адвокаттық құпия бұзылған. Санкциясыз тінтулер басқа адвокаттардың кеңселерінде де жүргізілген. Олар ҚР ҚК 407-бабы («Сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі жасау») бойынша өздеріне қатысты іс қозғалғанын мәлімдеді.

Ляззат Жансеитова адвокаттарға қатысты заңсыз қудалауға байланысты шағым түсірген. Республикалық адвокаттар алқасының жанындағы адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау комиссиясы тексеру жүргізіп, адвокаттардың құқықтары бұзылғанын анықтаған. Комиссия адвокаттың мәртебесін, адвокаттық құпияны қорғау және кеңселеріне санкциясыз тінтуге тыйым салатын нормалар ескерілмеген деп отыр.

«Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған заңсыз әрекеттерден кейін біз адвокаттар қорғалмағанымызды түсіндік. Бізге кедергі келтіріп жатыр, ал мемлекет тарапынан заңды қорғаныш жоқ. Біз бүкіл ресурсы мен билігі бар құқық қорғау жүйесіне қарсы тұрып тұрмыз», - деді Астананың адвокаттар алқасының мүшесі Арман Жансеитов.

Айта кетейік, Камчы Көлбаев Қырғызстандағы ең ықпалды қылмыстық белсенділердің бірі саналған, «заңдағы ұры» ретінде танылған және ірі ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған. 2023 жылдың 4 қазанында ол арнайы операция кезінде қарулы қарсылық көрсетіп, оққа ұшты. Кейін оның мүлкі мемлекет меншігіне өтіп, оның тобына қатысты жаппай тергеу мен қамаулар басталды.

Тегтер: