Қазақстандық Александр Герлиц Паралимпиада финалына шықты
Италияда өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Александр Герлиц парабиатлоннан финалға жолдама алды. Бұл турал ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Спортшы 4,5 шақырымдық қашықтықтағы парабиатлонның іріктеу кезеңінде 10 минут 53 секунд нәтиже көрсетіп, финалға өтті.
Осы қашықтықтағы финалдық жарыста Қазақстан құрамасы сапында сондай-ақ
Ербол Хамитов, Юрий Березин және Сергей Усольцев өнер көрсетеді.
Жарыстың тікелей трансляциясын Астана уақыты бойынша 17:25-те Qazsport телеарнасынан көруге болады.
Айта кетейік, Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада ойындарында қола медаль иеленген еді.
Ол парашаңғы жарысының классикалық спринтінде жүлдегерлер қатарына қосылды.
Ресми мәліметке сәйкес, Хамитов LW12 санатында өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы 1500 метр қашықтықтағы ерлер арасындағы спринтте үшінші болып мәреге жетіп, ел қоржынына тағы бір Паралимпиада медалін салды.
Жарыста Қытайдан келген өкіл жеңіске жетсе, бразилиялық спортшы Кристиан Вестемейер Рибера күміс медальді жеңіп алды. Хамитов үшінші боп мәре сызығын кесті.
Ербол Хамитов Қазақстанның парашаңғы құрамасындағы көшбасшы спортшылардың бірі саналады. Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен.
Атап айтқанда, 2026 жылдың басында ол өз дисциплинасында әлемдік жарыстардың жүлдегері атанған.