Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 25 Қазан 2025

Қазақстандық бітімгерлер халықаралық миссияға дайындалып жатыр

Бітімгер
Фото: Қорғаныс министрлігі сайты

Қазақстан Қарулы Күштері Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы бейбітшілікті қолдау миссияларына қатысуды жалғастырады. Осыған орай, Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында Голан жоталарындағы бөлінуді бақылау миссиясына (UNDOF) жолданатын үшінші ұлттық контингенттің әскери қызметшілері үшін психологиялық дайындық сабақтары өткізілді.

Психологиялық дайындық – бітімгерлерді шетелдегі жауапты қызметке бейімдеудің маңызды бөлігі. Оқу бағдарламасы әскери қызметшілердің күйзеліске төзімділігін арттыруға, эмоцияны бақылауға, көпұлтты ортада тиімді қарым-қатынас құруға және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сабақтарды орталықтың психологиялық қызмет офицері капитан Сәнді Смағұлова жүргізіп, бітімгерлерге стресс-менеджмент, топтық өзара әрекеттестік және алғашқы психологиялық көмек көрсету тәсілдерін үйретті.

«Бітімгерлер — тек әскери мамандар ғана емес, олар халықаралық аренада еліміздің атын танытатын формадағы дипломаттар. Психологиялық тұрақтылық — олардың қауіпсіз қызмет атқаруының және миссия міндеттерін тиімді орындауының басты факторы», – деді капитан С. Смағұлова.

Көпшілік жақсы біледі, Қазақстан бітімгерлерінің халықаралық беделі артып келеді. Қазіргі уақытта қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның Ливандағы (UNIFIL), Батыс Сахарадағы (MINURSO), Орталық Африка Республикасындағы (MINUSCA) және Үндістан мен Пәкістан шекарасындағы (UNMOGIP) миссияларына қатысып келеді. 2018 жылдан бері Қазақстан бітімгерлері Ливандағы бейбітшілікті сақтау операциясына үнді батальоны құрамында роталық деңгейде қатысты. Ал кейінгі бірнеше жылда қазақстандық бітімгерлер халықаралық миссияларға тәуелсіз, жеке күш ретінде қатысып келеді. Бірінші топ міндетін абыроймен атқарып елге оралған. Ал екінші топ қазір қақтығыс аймақтарында қызмет атақарып жатыр.

Бірнеше жыл ішінде қазақстандық контингент өз кәсібилігімен, тәртібімен және жауапкершілігімен серіктестер тарапынан жоғары баға алды. Бұл еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы сенімді әріптес екенін дәлелдейді.

Голан жоталарына аттанатын үшінші контингент әскери, тактикалық және тілдік даярлықтан да өтіп жатыр. Жауапкершілік аймағында жағдай күрделі болуы мүмкін болғандықтан, жеке құрамға сабыр сақтау, жағдайды дұрыс бағалау және жергілікті халықпен мәдениетаралық қарым-қатынасты қалыптастыру дағдылары аса маңызды.

Сабақтар аяқталған соң, бітімгерлер дайындықтың басқа кезеңдеріне көшеді. Қорғаныс министрлігі атап өткендей, кешенді даярлық қазақстандық контингенттің БҰҰ миссияларында міндеттерді жоғары деңгейде атқаруын қамтамасыз етеді.