Қазақстандық діни қызмекер Воронцов АҚШ-тың діни сенімі үшін қудаланғандар базасына енгізілді
«Есірткі притонын ұйымдастырды» деген айыппен қамауға алынған қазақстандық бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) тарапынан сенімі үшін қудаланған адамдардың халықаралық дерекқорына енгізілді.
Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы хабарлады.
Ұйымның мәліметінше, қазіргі уақытта бұл базаға 2488 адам енгізілген. Ал Қазақстан комиссия тарапынан «бақылау тізіміне» енгізілген. Бұл – елдегі діни бостандық жағдайы аса күрделі болмаса да, алаңдаушылық тудыратын мемлекеттер қатарына жататынын білдіреді.
Воронцовтың ісі
USCIRF анықтамасына сәйкес, Воронцов Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық сынаған.
Комиссия мәліметінде:
«Воронцов діни көзқарасын білдіргені және жетекшілік рөлі үшін ұсталды. 2025 жылдың ақпанында билік тіркелмеген православие шіркеуінің священнигі Воронцовты оның үйінде түнгі рейд кезінде қамауға алды», – делінген.
Сондай-ақ ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын «христиандықпен еш байланысы жоқ» деп мәлімдегені атап өтіледі.
Қамауға алу
2025 жылдың ақпанында Қазақстанда Ресей православие шіркеуінен тәуелсіз православие шіркеуін құруға талпыныс жасаған бұрынғы Воронцовқа қатысты әкімшілік және қылмыстық қудалау басталып, ол екі айға қамауға алынғаны хабарланған.
23 ақпан күні таңертең ол 72 сағатқа ұсталып, кейін қылмыстық іс аясында күдікті ретінде танылды.
Оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің:
- 302-бабы – «Есірткі құралдарын тұтыну үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау»
- 296-бабы – «Есірткі құралдарымен заңсыз айналысу (өткізу мақсатынсыз)»
бойынша айып тағылған.
Воронцовтың ұстанымы
Әкімшілік қамауда отырған кезінде Воронцов хат жазып, оны адвокаты жариялаған. Онда ол тағылған айыптарды толық жоққа шығарып, бұл істі Қазақстанда РПЦ-дан тәуелсіз православие шіркеуін құру әрекетімен байланыстырады.
Оның айтуынша, есірткі оған қолдан жасалып «тасталған», ал пәтерінде ешқандай наркопритон болмаған.
5 наурызда сот Воронцовты үйқамаққа немесе кепілмен босату туралы өтінішті қанағаттандырмады. Ол қазір тергеу изоляторында отыр.