Қазақстандық егіз боксшылар Азия чемпионатының алтыны үшін жұдырықтасады
Қазақстандық Нұрбек пен Айбек Оралбайлар Моңғолияның Улан-Батор қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионатының финалына шықты. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жартылай финалда Нұрбек Оралбай моңғолиялық боксшы Бариахаан Доржмен кездесті.
Үш раунд қорытындысы бойынша Нұрбек 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Жекпе-жек барысында ол қарсыласын нокдаунға да жіберді.
Ал оның егізі Айбек Оралбай да жартылай финалда жеңіске жетті. Ол 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.
Айбек жартылай финалда түрікменстандық Довлет Исламовты айқын басымдықпен жеңіп, барлық үш раундта төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай әлем чемпионы (2023), Жазғы Олимпиада ойындарының (2024) күміс жүлдегері. Ал егізі Айбек Оралбай әлем чемпионы (2025), Азия чемпионатының жеңімпазы (2022). Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.