Қазақстандық футболшы «Барселонамен» келісімшарт жасасты
15 жастағы қазақстандық футболшы Кәрім Меңдіханов Барселона клубымен келісімшартқа қол қойды. Ол келесі маусымда каталондық клуб жүйесіне қосылады.
Бұл туралы испаниялық Mundo Deportivo басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Кәрім Меңдіханов 2011 жылы дүниеге келген. Ол 2022 жылы Испанияға көшіп, сол уақыттан бері жергілікті футбол жүйесінде дамып келеді.
Өткен маусымда ол Cerdanyola клубында ойнаса, қазіргі таңда Sant Cugat FC сапында өнер көрсетіп жүр. Оң қанатта ойнайтын футболшы жылдамдығымен, дриблингімен және шабуылды ұштай білуімен көзге түскен. Сондай-ақ өз лигасында нәтижелі пас берушілердің бірі атанған.
«Барселонаны» таңдады
Кәрім Меңдіхановқа Испанияның басқа да клубтар қызығушылық танытқан. Алайда ол «Барселонаның» ұсынысын таңдаған.
Mundo Deportivo мәліметінше, жас ойыншы жаңа клубқа тез бейімделу үшін Sant Cugat FC рұқсатымен «Барселона» жүйесінде алдын ала жаттығып та үлгерген.
Тарихи трансфер болуы мүмкін
Егер трансфер жоспар бойынша жүзеге асса, Меңдіханов «Барселона» тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атануы мүмкін.
Қазіргі уақытта ол Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алмаған. Алдағы кезеңде Sant Cugat FC құрамында ойынын жалғастырып, MIC халықаралық турниріне қатысуы ықтимал.