Қазақстандық компания АҚШ-тың санкциялар тізіміне енді
Қазақстандық KBR-Technologies компаниясы Ресейге жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды жеткізуге қатысқаны үшін АҚШ-тың санкциялар тізіміне енді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің хабарламасында айтылған.
Vlast.kz басылымының жүргізген зерттеуіне сәйкес, қазақстандық компания жартылай өткізгіштер мен басқа да тауарлар шығаратын жоғары технологиялық жабдықтарға Еуропадан тапсырыс беріп, кейін олар уақытша сақтау үшін Беларуське жеткізілген. Басылым ақпаратынша, қазақстандық компания қоймаға жүкті Орталық Азия арқылы емес, Ресейге тікелей жөнелтуге нұсқау берген.
Ресейлік кеден деректері көрсеткендей, жалпы алғанда, осы схеманың арқасында әскери-өнеркәсіптік кешенде келісім-шарттары бар ресейлік компаниялар тобы шамамен 5,9 миллион долларға санкцияланған жоғары технологиялық тауарларды алған.
Осы жылдың мамыр айының соңында KBR-Technologies иесін ауыстырды - компанияны 2022 жылдан бері басқарған Жанат Ибраевтың орнына оның жаңа басшысы Диас Тұғынбаев болды. Бұл ретте компания белсенді күйінде қалып отыр – биыл компания 58,4 миллион теңге салық төлеген. Бұл өз қызметінің алдыңғы екі жылдағы көрсеткішінен жоғары.
Ал, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин журналистерге қазір министрлер кабинеті кәсіпорынның бұл тізімге қандай негізде енгізілгенін түсіну үшін мәселені зерттеп жатқанын айтты.
«Мемлекеттік кірістер комитеті мен Индустрия министрлігінің мәліметінше, бұл компания экспорт-импорт лицензиясын алуға өтініш бермеген. Бізде компанияның тақырыптық профилін жасайтын басым өнімдердің тізімі бар. Бұған дейін Қазақстаннан осы санаттағы тауарларды әкелмеген немесе экспорттамағандықтан, оған профиль жасалмаған. Қазір оны реттеп жатырмыз», - деді Жұманғарин.
Вице-премьер бұл компанияның санкциялар тізіміне қалай енгені үкіметке әлі түсініксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, санкция қолданатын елдердің мұндай компанияларды анықтаудың өзіндік әдістері бар.
«Бұл Үкіметтің ендігі басты міндеттерінің бірі. Бірақ (...) мұндай жағдайлардың алдағы уақытта қайталанатынына үйренуіміз керек», - деп есептейді Жұманғарин.