Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

Қазақстандық құқық қорғаушы Ринат Исағалиев өмірден өтті

Ринат Исағалиев
Фото: ашық дереккөз

   Қазақстанда 42 жастағы құқық қорғаушы Ринат Исағалиев (Ринат Рафкат) қайтыс болды. Оның қазасын Международная правовая инициатива ұйымы ресми түрде растады.

 Ринат Исағалиев аталған ұйымның өкілі ретінде Қазақстандағы ірі әрі қоғамдық маңызы бар сот процестерін бақылап, адам құқықтарының бұзылу деректерін тіркеумен айналысты. Ол ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында табанды ұстанымымен танылған.

Ұйым жетекшісі Айна Шорманбаева Facebook желісіндегі парақшасында ол туралы жазба қалдырды:

«Бұл суық хабар біз үшін ауыр соққы болды… Біз Ринат Исағалиевтен кенеттен айырылып қалдық… Топырағы торқа болсын. Анасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Біз сегіз жыл бойы бірге жұмыс істедік, білгеніміздің бәрін үйреттік. Заңгерлік білімі болмаса да, ол қазақ тілінде еркін жұмыс істейтін, мықты әрі принципшіл құқық қорғаушыға айналды. Қытайдағы қазақтарға көмектескен әр сәтте ол үнемі жанымызда болды. Қоғамдық мәні бар барлық сот процестерін бақылап отырды. Қаңтар оқиғасына байланысты 50 қылмыстық іс бойынша соттарда толық қатысып, адам құқықтарының бұзылуына қатысты аса маңызды деректер жинады. Оның адамдардың құқығын қорғауға қосқан үлесі орасан зор», - деп жазды ол.

Ринат Исағалиев бұған дейін де белсенді азаматтық ұстанымымен кеңінен танылған. Көпшілік оны 2016 жылғы Жер мәселесіне байланысты наразылықтар кезінде таныды. Ол кезде Қазақстанның түрлі өңірлерінде ауыл шаруашылығы жерлерінің Қытайға берілуіне қарсы жаппай митингілер өткен болатын. Соңғы жылдары Исағалиев елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты пікірін ашық айтып, әділет пен заң үстемдігін талап етіп жүрді.

Құқық қорғаушының қайтыс болу себебі ресми түрде жарияланған жоқ.