Қазақстандық суррогат аналар енді шетелдіктерге бала туып бере алмайды
Қазақстанда суррогат ана болу қызметін көрсету тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, суррогат ана қызметіне Қазақстан азаматтарымен қатар шетелдіктер де жүгіне алады. Алайда халықаралық тәжірибеде мұндай келісімдерге байланысты құқықтық даулар мен сот процестерінің жиілеп кетуіне орай, аталған саланы қосымша реттеу қажеттілігі туындаған.
Осыған байланысты суррогат ана болу қызметін Қазақстан Республикасының аумағында тек ел азаматтарына ғана көрсету нормасын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске тиісті түзетулер әзірлегенін және қазіргі таңда оларды мүдделі мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Барлық келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін заң жобасы белгіленген тәртіппен Парламент қарауына енгізіледі.