Қазақстандықтар БАӘ-де 217 вилла мен пәтерін декларациялаған
Қазақстан азаматтарының Біріккен Араб Әмірліктерінде 217 жылжымайтын мүлік нысаны бар. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мәлімдеді.
Шетелдегі активтер туралы ақпарат салық органдарына азаматтардың декларациялары арқылы және шетелдік ведомстволармен халықаралық деректер алмасу аясында келіп түседі. Әңгіме екі есеп түрі туралы болып отыр:
-
активтер мен міндеттемелер туралы декларация (ФНО 250),
-
табыстар мен мүлік туралы декларация (ФНО 270).
МКК мәліметінше, 2025 жылға арналған активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстан азаматтары БАӘ аумағында орналасқан 168 жылжымайтын мүлік нысанын көрсеткен.
Ал 2024 жылғы табыс пен мүлік туралы декларацияда БАӘ-дегі 49 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген.
«Осылайша, 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан 217 жылжымайтын мүлік нысаны декларацияланған», – делінген ведомство хабарламасында.
Комитет екі декларация да 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша толтырылғанын нақтылады.
Бұған дейін БАҚ-та Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйінің жанындағы тұрғын үй кешенінде қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар екені туралы ақпарат тараған еді. Бұл мәлімет қонақүй маңында дрон құлаған оқиғадан кейін белгілі болған.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл нысандар бойынша жеке тексеріс жүргізілмегенін хабарлады.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас прокуратурадан Дубайдағы қымбат жылжымайтын мүлікке иелік ететін шенеуніктерді тексеруді сұрады. Депутатты мемлекеттік қызметкерлердің элиталық баспананы қалай сатып алғаны қызықтырып отыр.