Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қайда жұмсады?
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу тәжірибесі азаматтардың қаржылық мінез-құлқына елеулі әсер етті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығында тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдеріне қатысты 4 278 552 өтініштің орындалғанын хабарлады.
Осы кезеңде төленген қаражаттың жалпы сомасы 5,55 триллион теңгені құрады. Қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған. Атап айтқанда, БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша 3 188 645 өтінішті орындап, 4,56 триллион теңге төледі. Оның ішінде ең көп өтініш зейнетақы жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен асқан азаматтардан түскен — 2 911 377 өтініш бойынша 4,03 триллион теңге берілген. Табысын алмастыру коэффициенті кемінде 40 пайызды құрайтын зейнеткерлерден 152 032 өтініш түсіп, 274,44 миллиард теңге төленген. Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша 84 275 өтініш орындалып, 167,5 миллиард теңге аударылған. Ал еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлер 40 961 өтініш беріп, 87,3 миллиард теңге алған.
Емделу мақсатында қазақстандықтар соңғы бес жылда 1 триллион теңгеге жуық қаражатты зейнетақы жинақтарынан алған. 2021–2025 жылдар аралығында бұл бағытта 1 089 907 өтініш орындалып, 984,93 миллиард теңге төленген. Оның ішінде ең төменгі жеткіліктілік шегінен асқан салымшылар 867 946 өтініш арқылы 699,28 миллиард теңге алған. Табысын алмастыру коэффициенті 40 пайыздан төмен емес зейнеткерлер 111 311 өтініш беріп, 152,12 миллиард теңге пайдаланған. Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша 79 137 өтініш орындалып, 78,36 миллиард теңге төленсе, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлер 31 513 өтініш арқылы 55,16 миллиард теңге алған.
БЖЗҚ мәліметінше, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен емделуге пайдалану құқығы зейнетақы жинақтары ең төменгі жеткіліктілік шегінен асқан салымшыларға, табысын алмастыру коэффициенті кемінде 40 пайызды құрайтын зейнеткерлерге, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққандарға және зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтарға берілген. Статистикалық деректерге сәйкес, бұл мүмкіндікті ең жиі пайдаланғандар — жинақтары жеткіліктілік шегінен асқан салымшылар.
Ең көп сұранысқа ие мақсаттардың қатарында азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы тұрғын үй сатып алу алдыңғы орында тұр — бұл бағытқа 2,17 триллион теңге жұмсалған. Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ салымдарын толықтыруға 592,92 миллиард теңге, ал стоматологиялық қызметтерге 654,25 миллиард теңге бағытталған.