Қазақстандықтарды баспанасын міндетті түрде сақтандыруға міндеттемек
2026 жылдан бастап Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеген.
Министрдің айтуынша, ведомство 2026 жылға арналған заң жобалары жоспарын әзірлеп жатыр. Құжатта жалпы 12 заң жобасын дайындау көзделген. Оның ішінде әлеуметтік қорғау саласына қатысты бірқатар маңызды бастама бар.
Атап айтқанда, табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы заң жобасы, сондай-ақ еңбек заңнамасы мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
«Парламентке жылдың бірінші жартыжылдығында 5 заң жобасын, ал екінші жартыжылдығында тағы 7 заң жобасын енгізу көзделіп отыр. Басымдық Президенттің әлеуметтік сала мен цифрлық даму бағытындағы тапсырмаларын сапалы орындауға берілді», – деді министр.
Сонымен қатар, мемлекеттік мүлік, онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленуде. Ал өнеркәсіп саласында мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заң жобасын енгізу жоспарланып отыр.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар әлеуметтік қорғау жүйесін күшейтіп, экономиканың бірқатар саласын құқықтық тұрғыда жаңғыртуға бағытталған.