Қазақстандықтардың Еуропаға виза алуы жеңілдемек
Еуропалық Одақ пен Қазақстан республика азаматтары үшін визаны жеңілдету мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «ЕО-Орталық Азия» азаматтық қоғам форумында Еуроодақ елшісі Алешка Симкич мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, ЕО қазақстандықтардың Еуропа елдерінің тәжірибесіне қолжетімділігін кеңейтуге мүдделі.
«Бұл ЕО үшін маңызды мақсат – Еуропа елдерінің тәжірибесіне жол ашу және қолжетімділік. Әрине, виза беру мәселесін жеңілдету керек. Қазақстан Үкіметі визалық режимді жеңілдетуге үлкен қызығушылық танытып отыр. Біз қазірдің өзінде бұл мәселемен айналысып жатырмыз», - деді Симкич.
Ол қатысушы елдер процесті жылдамдату үшін келісімге келе алатынын айтты. Бірақ бұл біраз уақытты алады, сондықтан Симкич әлі нақты уақыт шеңберін берген жоқ.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі еуропалық визалық режимді жеңілдету үшін мыналар қажет екенін атап өтті:
- виза алу үшін құжаттардың бірыңғай тізімін енгізу;
- консулдық алымдарды азайту;
- өтініштерді қарау мерзімдерін қысқарту;
- көп мәртелік визалардың әрекет ету мерзімін ұзарту.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы консулдық саладағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.
Қазақстан 2017 жылы Еуроодақ елдері үшін визасыз режим енгізді. Пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін еуропалықтар үшін режим 2022 жылы қалпына келтірілді. 2023 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ЕО Қазақстанмен визасыз режимге «үлкен мүдделі» екенін, бірақ әзірге визаны өңдеу уақытын қысқарту ғана мүмкін екенін мәлімдеді.