Қазақстанға 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге шектеу қойылуы мүмкін

Жеті жылдан асқан автокөліктерді Қазақстанға кіргізуге тыйым салуы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев мәлімдеді.
Бектібаев утиль алымы жөніндегі петицияның қоғамдық тыңдауында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге 7 жылдан асқан автөліктерді одақ аумағына әкелуге тыйым салу туралы ұсыныс жасайтынын мәлімдеді.
«Жұмыс тобының қатысушылары 7 жылдан асқан көліктерді елге әкелуді шектеуді ұсынды. Біз бұған қарсы емеспіз. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысына материалдарды енгізуге тырысамыз. Егер бес ел де бірауыздан бізді қолдаса, одақ аумағына мұндай автокөліктер кіргізілмейді. Бұл мәселені пысықтау міндетін біз өз мойнымызға аламыз», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін утиль алымын алып тастау туралы петицияға 50 мың адам қол қойғаннан кейін, петиция үкімет деңгейінде қарау үшін тиісті мемлекеттік органға жолданды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде утиль алымы мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.