Қазақстанға АЭС салу қаншалықты қажет?
Әлемде бар шешімді билік қаперіне ала ма?
«Жас Алаш» газетінің 26 қыркүйек күні шыққан санында (№77) Ядролық физика институтының директоры, ҚазҰЖҒА академигі Саябек Қуанышбекұлының сұхбаты жарияланды. Ол сұхбатта академик бастан-аяқ Қазақстанда АЭС салудың тиімділігін, оның ешқандай зардабы мен қиындығы жоғын айтыпты. Өндіріс секторларын және электр энергиясына деген жалпы қажеттіліктерді қанағаттандырудағы берер мүмкіндіктері мол депті. Басты аргументі: «Энергия тапшылығын жою үшін АЭС Қазақстанға ауадай қажет». Бұл жаңсақ пікір, жалған гипотеза. Қазақстандағы энергетика мәселелерін ашқандай АЭС-сіз шешуге болады. АЭС-тен әлдеқайда тиімді, қауіпсіз және үнемді етіп, ұлттық энергетикалық жүйемізді техникалық және технологиялық жағынан толық жаңартқанымыздың өзі энергия өндірісі мен оны сақтау тиімділігін 30-50 пайызға дейін бірақ көтере алады. Бұл 10 АЭС бере алатын энергиядан да көп.
Саябек мырза күннен алатын энергияның тиімсіздігін айтыпты. Шындығында, тиімділігі тек күшейе беретін күн, жел және су энергетикасы. Әсіресе жел электр стансалары жағынан Қазақстанға тең келетін ел бірен-саран болар. Оңтүстік өңірлерімізде күннің көзі тіпті қыста да молынан жетеді. 2030 жылға дейін күн энергетикасының шығындары 25 пайызға азаяды. Әлемнің озық сарапшылары күн энергиясын АҚШ, Канада, Қытай және 14 елде энергияның ең арзан көзіне айналады деп болжап отыр. Бүкіл әлем атом энергетикасының емес, жаңғыртылатын энергия көздерінің жолымен дамып келеді. Жыл сайын Еуропа мен АҚШ сияқты дамыған елдерде ғана емес, Үндістан мен Қытайда да жаңғыртылатын энергия көздерін өндіретін нысандар іске қосылып жатыр. Біздің елде айтарлықтай энергия тапшылығы жоқ. Бірақ электр қуатының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешуге болады. Мәселені түбегейлі шешу үшін, елімізде жаңғыртылатын энергия көздерін өндіретін нысандар салынуы тиіс. Мұның бәрі – энергетика министрлігінің белсенді жұмысы, электр қуатын реттеу және қор жинау сияқты қосымша нарықтарды дамытуды талап етеді. Әлем бұл әдістерді бұрыннан біледі. Көптеген елдерде шешімі табылған инженерлік тапсырма. Алайда Қазақстан энергожүйесі атом стансасыз жаңғыртылатын энергетика көлемімен жұмыс істей алатынын, бұл әлемнің көп елінде шешімі табылғанын билік қаперіне алғысы жоқ. Енді бұл билік Балқашта АЭС салды делік, сосын не болады?
Атом энергиясы – ескірген технология
Қазақстан мен Ресейдің энергожүйесінде жұмыс істеген тәжірибелі сарапшылардың айтуынша, «егер жоба жүзеге асса, жыл сайын 675 миллиард теңгеге артық шығынданамыз. Бұл Қазақстанның әр азаматы электр энергиясының, сәйкесінше, тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына байланысты қазіргіден 35 мың теңгеге артық төлейді деген сөз». Сонда жыл сайын 675 миллиард теңгеден төлейміз. Олар өз миллиардтарын құрылыстан табады ғой. Ал біз сол миллиардтарды жылдар бойы бүкіл ел болып төлейміз.
Бүгінде атом энергиясының бағасы тұрақты түрде өсіп, жаңғыртылатын энергия көздерінің бағасы төмендеп жатыр. Яғни атом энергиясы қолжетімді энергиялардың ішіндегі ең қымбаты. Қазақстан жерінде АЭС салу қате шешім. Атом энергиясы – өткен ғасырдың ескірген технологиясы, өркениет ғасырындағы тығырыққа тірейтін жол екенін Саябек мырза ескергісі келмейтін сияқты. Қайсыбір жылдары ұмытпасам, 2015 жылы болуы керек. Қазақстан ғалымдар одағының жиынында елге танымал ғалымдар: «Қазақстанда атом электр стансасын салудың еш қажеттілігі жоқ және алдағы 200 жылда да қажет емес. Атом энергиясын пайдалану керек, құрылыс қажет, бірақ біз энергияның басқа көздерін тауысқан кезде Қазақстан үшін ондай қажеттілік алдағы 200 жылда да болмайды» дегені еріксіз еске түседі. Және бір топ қазақстандық ғалымдардың, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің Қазақстан президентіне, БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне, БҰҰ, ЕҚЫҰ және МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттердің жетекшілеріне және Қазақстан азаматтарына елдегі АЭС құрылысына тыйым салу өтінішімен шыққаны көп жайды аңғартса керек.
Шын мәнінде бүкіл әлемдік ғылым экологиялық тұрғыда жаңғырмалы таза қайнар көздерге қарай ұмтылып жатса, біз неге атомға қарай жүгіреміз? Осындай дағдарысты сәтте бюджеттен қауіпті жобаға 10-12 миллиард доллар бөлудің қажеті бар ма? Оның үстіне, осыған дейінгі Қазақстандағы ірі жобалардың барлығы дерлік коррупциямен аяқталғанын көрген халық бұл жобаның қаржысы талан-таражға түсіп кетпесіне кім кепіл деп алаңдайтынын жоққа шығаруға болмас. АЭС – тек техникалық немесе энергетикалық мәселе емес, ол қоғам, саясат, экономика, экология сияқты қазақ мемлекетінің барлық салаларына қатысты мәселе. Яғни жалпы халықтық, бәрімізге ортақ мәселе. Сол үшін референдум өткізбей, билікке АЭС жайында ешқандай өз бетінше шешім қабылдауына жол беруге болмайды.
Өз жерімізге өгей баладай қарайтынымыз не?
Халықаралық сарапшылар Қазақстан жерінде 8 миллион тонна жоғары радиоактивті және 225 миллион тонна төмен активті қалдықтан төгілген 529 орынды есептеп шығарған. Жергілікті ұлт өкілдерінің 3 миллионға жуығы осындай экологиялық апат аймақтарында тұрады. Ал Арал маңында 1 миллионнан астам адам өмір сүріп жатыр. Бұған қоса, «Байқоңыр» ғарыш аймағының маңайындағы тұрғындарды қосыңыз. Семей жерінде 1949 жылдан бері жерасты, үсті 470 рет ядролық сынақ жүргізген. Ал мұндай экологиялық жағдайы асқынған аймақтарда өлім-жітімнің мол, өсімнің кем болатыны әмбеге аян. Қазақстанда онсызда өндірістік қалдықтардың және мұнай мен газдың зиянынан басқа өңірлердің халқы зардап шегіп келеді. Жалпы, күйінішпен айтқанда, Қазақстандағы қарапайым халықтың денсаулығы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен. Тұзға бөккен Арал теңізі, бағы байланған Балқаш, тіршілігі семген Семей полигоны, соры шығып сортаңдаған, т.б. аймақтар, радиоактивті қалдықтар төгілген көптеген орындар қазақ халқының жарасы жазылмас үлкен қасіреті. Бұл аз болғандай, оған қосымша АЭС салу, ядролық отынға қажетті радиациялық қалдықтарды жерге көму. Бұдан асқан Құдай мен тарихтың алдындағы қиянат пен қылмыс болу мүмкін бе? Ал сұхбатты оқыған болсаңыз, Саябек Қуанышбекұлы атом қалдықтарынан ешқандай зиян болмайды деп, одан қорқудың қажеті жоқ деп сендіреді. Тәуелсіздік алсақ та, өз жерімізге өзіміз өгей баладай салқынқандылықпен қарайтынымыз не? Өткен жылы ҚР энергетика министрлігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктің: «Ертісте тағы бір атом электр стансасы салынуы мүмкін» дегенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ шығар. Онсыз да басынан бәле арылмаған Қазақстанға бір АЭС-ті салып бітпей жатып, екіншісін жоспарлап қойсақ, онда жетіскен екенбіз.
Барлық бассыздықтың бастауы биліктің халықпен санаспауынан туындап отыр. Жұрт бекер дүрлікпейді. Бүгінде Қазақстанда АЭС салу бастамасы бұған жұртшылықтың наразылық танытуы – бұл биліктің халықпен санаспауына қарсылық деп түсінген жөн. Президент Тоқаев жуырдағы жолдауында: АЭС құрылысы «бүкіл халықтық референдумсыз шешілмейді, уәдемде тұрамын» деді. Бәлкім, референдумнан бұрын, бүкіл қоғам болып, айтулы мамандар болып, әбден талқылауымыз керек шығар? Дамыған демократиялық елдерде сөз бостандығы бірінші орында тұрады. Қоғамдағы келеңсіздіктің бәрі халықтың назарынан тыс қалмайды. Мәселен, АЭС мәселесі іші бүтін елде сөзсіз тәулік бойы талқыланады, күн тәртібіндегі ең басты мәселеге айналары сөзсіз еді. Табиғаты мен болмысы дұрыс елдің баспасөзі күндіз-түні сарапшыларды, мамандарды, шенеуніктерді шақырып, мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеп, түп-түбіріне жетер еді. Ал бізде биліктің ыңғайындағы БАҚ, телеарналарымыз «АЭС салуға қарсы болмауымыз керек» деп, жалдамалы блогерлер мен журналистерді, АЭС адвокаттарын тартып, үгіттеп, итермелеп әлек. Жақсы болсын, жаман болсын мәселе көтеріледі, айтылады. Алайда қоғамда болып жатқан оқиғаларды талқылай алмасақ, оның оң терістігіне пікір қоса алмасақ, шындықтың жүзіне тіке қарай алмасақ, ащы шындықты көтере алмасақ, біз кімбіз? Қандай қоғамбыз сонда? «Бүгінгі биліктің қоғаммен байланыс орнықтыру, азаматтардың көзқарасын білу арқылы азаматтық қоғам құру» дегенін қайда қоямыз? Халықтың пікірімен санаспай, жоғары жақтағылар халық бәріне көнеді, қашанда айтқаннан шықпайды десе қателеседі. Референдум – демократиялық процедура. Демек, халық осы демократиялық қағидаларды, процедураларды қолдана алады. Көріп отырғанымыздай, билік өзіне қажет кезде референдум өткізеді. Олай болса, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, АЭС жөнінде бірлесіп, референдум өткізейік.
Мұрат Өтебайұлы
Жамбыл облысы