Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 17 Ақпан 2024

Қазақстанға арман туралы доктрина керек

Фарида Мұсатаева
Фарида Мұсатаева

Рухани мұраны, əсіресе қоғамның болмыс-бітімі мен кескін-келбетін анықтайтын өзекті мəселелердің бірі – мәдениетімізді жаңаша саралау.

 Ұлт пен ұлтты теңестіретін оның білімі, мәдениеті, ұлттық құндылығы десек, жаһандық құндылықтар мен ұлттық болмысты бір-біріне жұттырып алмай, қалай тең ұстауға болады деген сұраққа жауап іздеу мақсатында мәдениеттанушы Фарида Мұсатаевамен сұхбат құрдық.

Жаһандану үдерісі ұлттық мәдениетімізге ықпал етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мәдени майданның шебінде күл-талқан болып жеңілу де, жеңіске жету де халықтың таным-түсінік, қабілет-қарымына байланысты болса керек. Осы тұста қазақ мәдениеті, руханияты қарсы келген мәдени қақтығыстарда жұтылып кетпей, шыдас беруге қауқарлы ма деген сұрақ еріксіз ойға оралатыны анық. Сөзімізді осы сұрақтан бастайық.

– Шетелдік ғалымдар «жаһандануды» зерттегенде, оның тек экономикалық артықшылығына: трансұлттық компаниялардың дамуы, шекаралардың ашылуы, ғылыми-техникалық прогресс, еңбек нарығының кеңеюіне баса назар аударды. Алайда технологияның қарқынды дамуы тауарларды жаппай тұтынуға және азшыл ұлттар мәдениетінің жұтылып, біртұтас әлеуметтік кеңістіктің пайда болуына алып келді. Бұқаралық мәдениет әр халыққа өз ережелерін енгізді. Сән үлгілері арқылы қоғамды бірыңғайлау, күнделікті қолданыстағы гаджеттер арқылы кез келген ақпаратқа қол жеткізу, өнер туындылары арқылы жүріс-тұрыс дағдыларын стандарттау тәрізді жаппай біріздендіру үрдістері басталды. Әрине, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды бір мүшесі болғандықтан, жаһандану үрдісіне тікелей қатысуы орынды және табиғи құбылыс. Өзгенің мәдениетін, артықшылықтарын қабылдамай ұлтшылдық бағытын ұстансақ, Солтүстік Кореяға ұқсас оқшауланған, ашаршылық жайлаған елге айналамыз. Жаһанданудың теріс ықпалынан сақтанудың бірден-бір жолы – бұл экономиканы дамытатын инновациялық, технологиялық тәжірибені өз пайдамызға қолдана білу. Мәселен, 2022 жылғы қорытынды бойынша Қазақстан ғаламдық инновация индексінде 132 елдердің ішінде 83-орынға ие. Демек, ғылыми жаңалық ашу, экожүйені дамыту бойынша еліміз қатардан қалып отыр. Жаһанданудың қатерінен қазақ мәдениетінің жойылып кету қаупі өте төмен. Себебі біріншіден, ұлттық қазақ тіліміз жанданып келеді. Британдық саясаттанушы Девид Хелдтің пікірінше, ұлтты ұлт ретінде танытатын тілде 1000 адамнан аз сөйлесе, тілдің өліміне алып келеді деседі. Елімізде соңғы 2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан жоғары халықтың 80%-ы қазақ тілін меңгерсе, оның 61,5%-ы күнделікті өмірде қолданады. Екіншіден, еліміздің мемлекеттік шекаралары толығымен белгіленген және шектес елдермен халықаралық-құқықтық рәсімдеуден өтті. Үшіншіден, рухани құндылығымызды сақтайтын өз тарихымыз, ұлттық салт-дәстүр мен аңыз-әңгімелеріміз бар. Сондықтан ұлттық кодты сақтаушы осы үш фактордың бар болуы кез келген жаһандық қатерлерге төтеп бере алатынын көрсетеді.

Қоғамда ұлттық саясатқа қатысты басты екі көзқарас бар. Бірі – біртұтас ұлт қана болуы керек, елдің әр ұлтқа бөлінуін ынталандыратын Қазақстан халқы ассамблеясының қажеті жоқ десе, екіншісі – әр ұлттың, этностың дамуына жеке мән беру қажет деп ой түйеді. Бұл мәселенің тоқтамы бар ма?

– Соңғы бесжылдықтағы сыртқы саяси жағдай, наразылықтар, жаппай миграциялық және демографиялық процестер Қазақстан халқының азаматтық сәйкестігіне (айдентикасына) әсер етеді. Әрине, жұтылып кету, бөгде мәдени-әлеуметтік ортаның бағыт-бағдарына ілесіп кету қаупі жоғары. Сондықтан біртұтас ел болу жолын, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруды алдыға қою керек. Ұлттық тұрақтылықтың шарты ретінде «бір ұлт – бір ел» идеясын ілгерілету қажет. Ол үшін ең алдымен Қазақстан халқын жалпылама атауын: «қазақстандықтар», әлде «қазақтар» деген диллеманың аражігін ажыратып алғанымыз жөн. Бұған байланысты билік өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары және т.б. мамандар арасында қарама-қайшы пікір алуандығы көп. Барша этнос өкілдерінің «қазақ» атануы – этноцентристік ұлшылдықтың немесе мәжбүрлі ассимиляцияның көрінісі емес. Керісінше, азаматтық бірегейлікті басшылыққа алып, бір ұлттың төңірегіне ұйысып, сыртқы қауіп-қатерге қарсы тұрудың оңтайлы бағдары. Отандық сарапшылардың және қоғамдық белсенділердің ұлттық саясатқа қатысты екі қарама-қайшы пікірлері бар. Біреуі ассимиляция саясатын ұстанып, азшылық этностар қазақ бірегейлігін қабылдасын десе, бірі мультикультурали́зм принципі арқылы барлық этностардың мәдени ерекшелігін сақтауға мүмкіндік беру керек дейді. Бірінші саяси бағыт – бұл кеңес дәуірінің орыстандыру, большевиктердің күштеуімен барлық ұлттарға ортақ Homo Soveticus жасау саясаты. «Халықтар достастығы» ұранын жалаулатып, оның астарында өзге ұлттардың болмысын жойған үкімет құрдымға кеткені белгілі. Екінші жол – бұл Еуропа елдерінің сәтсіз деп танылған идеологиясы. Себебі босқындар мен мигранттар ғасырлар бойы үстемдік еткен құндылықтар мен мәдени ұстанымдарды елемей, қоғамдық қақтығыстарға алып келді. Қазақстанның ұлттық саясатында аталған екі бағыттың да элементтері бар. Бір жағынан президент Қ.Тоқаевтың сөйлеген сөздерінен қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін белгілеуі және қазақ тілін этносаралық қатынас тіл деп айқындауы – қазақ ұлтына басымдық беруі. Ал Қазақстан халқы ассамблеясының бар болуы, оның атынан сенатқа 5 депутаттың сайлануы – барша этностардың мүддесін білдіретінін көрсетеді. Түптеп келгенде, осындай жан-жақты өлшенген саяси шешім өз жемісін берері хақ. Ұлттық мемлекет құру мәселесі демографияның шенінде, қазақтар саны ұлғайған сайын ұлттық сана, ұлттық болмыс сұрақтары өздігімен шешіледі.

Мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын сақтауда мәдени-рухани мәселелер басты назарда болуы шарт. Сіздің ойыңызша, Қазақ елінің мәдени дамуында қандай бағытқа басымдық берген жөн?

– Қазақ руханиятын, тілін кең қолданысқа енгізу үшін мемлекеттік саясат көп жағдайда «міндеттеу» функциясын қосуда. Оған азшыл этностар өкілдері оқитын ұлттық мектептерді біртіндеп аралас, кейін қазақ мектептеріне ауыстыру; мемлекеттік қызметке өту үшін қазақ тілін тапсыру; қоғамдық орындарда қазақ тілін қолдануды жатқызамыз. Менің ойымша, осыларға қоса «жұмсақ күш» саясатын да оңтайлы қолдану қажет. Кинофильм мен музыка арқылы қазақ мәдениетін өз халқымыз үшін тартымды және танымал ету. Соңғы бесжылдықта қазақ тілдік масс-медиа өнімдеріне сұраныс артып, оның сапалы әрі маңызды болуына да тұтынушылардың талабы өсті. Сөздік қоры кедей, еш тәрбиелік мәні жоқ комедия жанрында түсірілетін әзілдерден гөрі көрермен әлеуметтік-мәдени мәні бар «Бақыт», «Дәстүр» тәрізді фильмдерге таңдау жасайды. Қазақ тілін білмейтін көрерменнің өзі субтитр арқылы оқып, тілін жаттықтырып келеді. Ал танымал етудің бірден-бір көрінісі – бұл Димаш Құдайберген феномені, фан-клубтардың қазақ еліне қызығушылық танытуы.

Ұлттық сананы қайта жаңғырту мақсатында мемлекет тарапынан бірнеше стратегиялық жобалар жүзеге асты. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» тәрізді бағдарламалар арқылы өз рухани дүниемізге, тарихымызға терең үңілдік. 30 жылда біз кім, қандай ұлт екенімізді таныдық. Ендігі қадам – қайда баратынымызды, болашақ мақсатымызды айқындау. Өткен күннің естелігі мен елесі қанша ыстық болғанымен, әр азамат Тәуелсіздіктің құнын, оның бәрінен де қымбат екендігін ұғыну қажет. Өткенмен өмір сүру архаизмге, яғни тығырыққа алып келеді. Соның салдарынан ұлтшыл радикалды азаматтар санының арту қаупі бар. Салт-дәстүрлер мен ұлттық ұстанымдар заман ағымына орай өзгерістерге ұшырайды. Кейбір дәстүрлер объективті себептерге, жаһандануға және техногендік процестерге байланысты өзектілігін жоғалтуы мүмкін, ал басқалары жаңа шынайылыққа бейімделеді. Осыған сүйене отырып, кез келген ғасырлық дәстүрлі ұстанымдарды қолдану кезінде олардың тарихи контекстіне тереңірек үңілу қажет. Мысалы, тарихи-саяси себептермен қалыптасқан: «Орыстан досың болса, жаңында айбалтаң болсын», «Қарақытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген пайымдар бүгінгі күнде саяси тұрғыдан дұрыс емес. Осындай ұстанымдар кез келген этносаралық кикілжіңдер орын алған жағдайда әлеуметтік желілерде тарап, халық арасындағы наразылықты одан сайын өршітеді. Сол себепті, біз ұлттық ұстанымды жаңғырту барысында көнерген дәстүрлерге сыни баға беріп, заманауи талаптарға сай қолдануымыз қажет.

Қазіргі таңда әлемде қаруланған соғыстан гөрі, ақпараттық соғыстың зардабы басым. Масс-медиа арқылы адам санасын оңай әрі еркін игеруге болады. Жат елдің мәдени соққысынан бөлек, ел ішінде де медиа арқылы жат құндылықты, бөтен мәдениетті жарнамалап жүргендер бар.

– Әр дамыған мемлекетте қоғамның бетке ұстар зиялы қауымы халық арасында саналы үгіт-насихат жүргізіп, дұрыс жолды меңзеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Қазіргі Қазақстан жағдайында мәдени элита жоқтың қасы. Елде қандай да бір қиын жағдай, оқыс оқиға туындаған кезеңде ел алдына шығып, ой-пікірімен бөлісіп, ұлттың мүддесін ойлайтын көшбасшылар азды-кем. Бүгінгі қоғам пікірінің көшбасшылары блогер атанып, хайп жинап, өз қара басын ойлаумен ғана шектеледі. Сондықтан жалған патриотизм жамылғысын жамылып, тек өз есебімен жүрген блогерлерді халықтан алыстатып, елге пайдам тисін деген еңбек адамдарын дәріптеу қажеттілігі туып отыр. Жалпы, идеологиялық бағыттағы жұмыстарды футурологиялық көзқарасты қалыптастыруға жұмылдыру қажет. Ол дегеніміз – болашақ образын жасау, мотивациялық өнер туындылары арқылы 20-30 жылдан кейінгі арман-мұратымыздағы Қазақстан келбетін болжамдау. «Американдық арман» доктринасы тәрізді еңбекқорлық пен табандылық нәтижесінде үлкен табыстарға жетелейтін медиа өнімдер қажет. Ұлттық мақсат неғұрлым айқын әрі түсінікті болса, оған жету жолы да соғұрлым жеңіл болмақ.

Сұхбаттасқан  – Ақгүлім Ерболқызы