Қазақстанға Газа секторынан босқындар келіп жатыр ма?

Қазақстанға Газа секторынан босқындардың жаппай келуі туралы ақпарат — жалған.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға палестиналық босқындардың немесе Таяу Шығыс елдерінен өзге де адамдардың жаппай келіп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
- Мен Қазақстанға Таяу Шығыс елдерінен босқындардың легі келе жатқандығы туралы фейк ақпараттарды көрдім. Былай деп айтайын, бұл – нағыз "арсыз" фейк. Ол шындыққа жанаспайды, - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, Сауд Арабиясы билігінің Газа секторынан келген азаматтарды Қазақстанға орналастыру, оларға баспана сатып әперу туралы тараған ақпарат мүлде жалған.
- Мұндай ақпараттарды кім шығаратынын білмеймін, бәлкім, біреулерге солай ыңғайлы шығар. Ешқандай да қоныс аудару туралы да, баспана сатып алу туралы әңгіме болған емес. БАҚ өкілдерін мұндай жалған ақпараттардың алдын алуға көмектесуге шақырамын, - деді ведомство өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін СІМ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты 3 мыңнан астам Қазақстан азаматы елге қайта алмай отырғанын хабарлаған. Сонымен қатар министрлік қазақстандықтарға осы өңірге барудан уақытша бас тартуға кеңес берген болатын.
Сондай-ақ СІМ Қазақстан аумағынан Ресейге қарай ұшырылған дрондар туралы ақпаратты да жоққа шығарды. Министрлік мұндай мәлімдемелердің нақты дәлелдерсіз таралуын арандатушылық деп бағалап отыр.