Қазақстаннан инвесторлар неге безді?

Кейінгі үш жылда елімізге инвестиция құтаймай қойды. Қазақстанға ең ірі көлемді инвестиция 2022 жылы келіпті.
Бұл жылы елге келген тікелей инвестиция 28 млрд АҚШ доллары болған. 2023 жылы инвестиция көлемі төмендеп, 23,4 млрд АҚШ доллары, 2024 жылы 15,7 млрд доллар ғана тікелей инвестиция келген – үш жылдың ішінде екі есеге жуық қысқартыппыз.
Өткенде Сенат қабырғасында сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловқа елге келетін инвестицияның неге азайып кеткені жайлы сұрақ та қойылды. Оның айтуынша, инвестиция тарту өте күрделі мәселе. Өйткені қазір мемлекеттердің барлығы инвестиция тарту бәсекесіне түсіп кеткен. Олар инвесторларды өзіне тартуға жағдай жасаудың сан түрлі амалдарын қарастырып жатыр...
Бұл сөзді басқа емес, ресми орган өкілінің айтуы – Қазақстанның инвестициялық климатына үлкен күмән тудырады. Демек, бұл Қазақстан инвесторларға қауіпсіз, тәуекелсіз жағдай жасап бере алмай отыр деген сөз бе? Үкімет елге инвестиция тартудың ебін тауып, қиюын келістіре алмай отыр ма? Неліктен елге келетін тікелей инвестициялар легі азайды?
Біздің әу бастағы өркендеу жолында таңдап алған бағытымыздың бірі тікелей инвестиция тартуды меңгеру болған. Осы мақсатқа жету үшін инвестициялық қорлар құрдық, арнайы инвестициялық штаб жасақтадық, жергілікті әкімдерге, квазимемлекеттік компанияларға, ұлттық әл-ауқат қорларына, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды міндеттедік. Тіпті «Бәйтерек» ұлттық холдингімен еншілес Qazaqstan Investment Corporation (QIC) атты квазимемлекеттік компания да құрдық. Қазақстанның тікелей инвестициялар қоры саналатын бұл компанияның атауы бастапқыда «Қазына Капитал Менеджмент» деп аталған. 2023 жылы компания атауын шетелдіктерге ұғынықты әрі жағымды етіп өзгерту туралы шешім қабылданып, жоғарыдағы жаңа атауды бердік. Бірақ шетелдіктерге компанияңның атауы түсінікті болуы жеткіліксіз болып шықты, оларға барлық жағдайың ашық әрі ұғынықты болуы керек екен. Шарттарың қарапайым әрі нақты болуы керек екен...
Аталмыш компания құрылған сәттен бастап «дамуға және халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді, тікелей инвестициялар Қазақстандағы шағын және ірі бизнеске бірдей қолжетімді болады» деп, жер-көктен теңдесін таба алмаған кезіміз де болған. Сонымен қатар QIC әрбір инвестицияланған долларына шетелдік серіктестерден 2,1 доллар тарта аламыз деп салған. Алайда бұл компания 2007 жылғы құрылған кезеңінен бастап 120 жобаға ғана инвестиция салыпты. Есептесек, жылына 10 жобаға да жете алмаған. Әйтпесе, Qazaqstan Investment Corporation (QIC) шағын ғана компания емес. Оның акционері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. QIC құрамына Baiterek Venture Fund АҚ , BVF және BV Management, KCM Sustainable Development Fund I C.V, BGlobal Ventures тәрізді бес ірі қаржы институты кіреді. 2023 жылдың аудит есебінде QIC-тің тек 6 жобаны қаржыландырғаны көрсетілген. Экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханова атағы дардай компанияның бір жыл ішінде 6 жобаны ғана инвестициялауы өте төмен көрсеткіш деп есептейді.
«Бізге инвестиция министрліктер арқылы және квазимемлекеттік компаниялар мен инвестициялық қорлар арқылы келіп түседі. Министрліктерді айтпай-ақ қояйын, елдегі инвестициялық қаражатты игеруге тиіс қорлар мен компаниялар да келіп түскен қаражатты қалай игеруді білмейді. Мысалы, Qazaqstan Investment Corporation (QIC) компаниясының жалғыз акционері «Бәйтерек» холдингі. Осы холдинг былтыр бір жыл ішінде қызметкерлерінің жалақысына 1,5 млрд теңге жұмсаған. Қорда 15 департамент, 4 төраға, басқарушы директорлар бар, шамамен 100 адам жұмыс істейді деуге болады. Осыншама адам жүріп бір жылда 6 жобаны ғана қаржыландыруды мақұлдайды (алатын жалақылары өте жоғары). Бұл инвестициялық қаражатты дұрыс басқару болып саналмайды. Біздегі Qazaqstan Investment Corporation сияқты компаниялар бизнесті инвестициялауды арзан несие беру деп қана түсінеді. Өздері сырттан қаражат әкеледі. Қарыз алады. Соны бизнеске қарызға таратып береді. Елдегі қаражатты ұқсату деңгейінің түрі сол. Басқа жаңаша тетіктер жоқ. Өйткені бізде компанияда емес, жүйеде мәселе бар. Жүйеде мәселе болмаса, біз кезінде 2000 жылдары мұнайдың қымбатқа сатылған тұсында ірі инвесторларды елге әкелер едік. Оған шамамыз келген жоқ.
Негізінде сырттан капиталдың келуі парламент, үкімет, облыстық әкімдіктердің жұмысының нәтижесінен соң қалыптасатын инвестициялық климатқа байланысты. Соңғы 15 жылда елге келген ірі инвесторлар саусақпен санарлық. Инвестиция тарту жайлы 30 жылдан аса айтып келе жатқанымызбен, әлі жүйелі өзгерістер жүргізілген жоқ. Әкімшілік кедергілер өте көп. Өткенде киім тігумен айналысатын қытайлық кәсіпкер бізде көп мәселенің парамен шешілетініне еті үйреніп кеткенін айтады. Ол үкіметтен берілетін жеңілдікке тез қол жеткізу үшін белгілі бір органдарға пара беру керектігін біліп алған, соған таңғалып отыр. Ал үкіметтен берілетін ешқандай жеңілдікке үміт артпай, өз бетімен жұмыс істеймін деген инвесторлардың өзі жеке бас қауіпсіздігіне алаңдайды. Бізде бизнесті күшпен тартып алу, сотқа сүйреу, соттың шала, шикі шешім шығаруы, парақор шенеуніктердің қысымына тап болу әлі бар. Инвесторлар соттарға жиі шағым түсіреді. Сыртқы геосаяси жағдайлардан бөлек, ішкі инвестициялық климаттың осындай болуы да тікелей инвестициялар ағынын азайтып жатыр. Сондықтан жергілікті билік инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істеуді үйренбесе, жағдай түзелмейді. Ешқандай ел өзінің жобаларына қаражат құйған инвесторын сотқа сүйреуге жол бермейді. Мұндай деректер бізде ғана көп шығар», – дейді сарапшы.
Айтса айтқандай, 2024 жылы қазақстандық соттарға шетелдік инвесторлардан 200-ден астам талап-арыз түсіпті. Бұл туралы жуырда Астанада өткен инвестициялық форумда Қазақстан Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев те айтты.
Түкиевтің айтуынша, шетелдік инвесторлар қазақстандық шенеуніктердің әрекетіне жиі шағымдана бастаған. Арыз жазу саны жылына орта есеппен 10 пайызға өсуде. Соттар осы істердің 80 пайызын инвесторлардың пайдасына шешетін көрінеді. Инвесторлардың талаптарының негізгі бөлігі салық мәселелеріне байланысты. Сотта жауапкер көбіне қаржы министрлігі, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап беретін жер қойнауын пайдалану саласы. Инвесторлар сотқа шыдамы таусылған кезде, басқа амалы қалмаған кезде ғана жүгінеді.
Жуырда бұл жайында біздің «Жас Алаш» та жазды. Газетімізде Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиевтің АҚШ, Үндістан инвесторларымен соттасып жатқанын, әкімнің инвесторларды қалай сенделтіп қойғанын, инвесторлардың «Ендігі көрмегеніміз Қазақстан болсын!» деп әбден запы болып отырғанын тарқатқанбыз. Біздің тұрақты оқырманымыз экономика ғылымының докторы, профессор Оразәлі Сәбденнің пікіріне сүйенсек, инвестиция тартуда Қазақстан өзінің имиджін дұрыс пайдалана алмай отыр. «Инвесторлардың «көрмегеніміз Қазақстан болсын» деуі – біздің беделімізге сын». Біздің министрлер мен өзге шенеуніктерде инвесторлармен сөйлесуде, келісім жасауда кәсіби біліктілік жетпейді. Осыдан барып, ірі инвесторлар бізге келерде ойланып қалады.
«Сыртқы геосаяси жағдайлар, санкциялар, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар инвесторларды ойлантары даусыз. Өйткені Қазақстан Ресеймен бірден-бір экономикалық одақтас ел. Бірақ осының өзінде елге келетін инвестициялар толастамауы тиіс. Біріншіден, аймақтардың әкімдері белсенді болуы керек. Біздегі әкімдер бюджеттен түскен қаражатты тендерге салуды ғана біледі. Қазір ол заман өтті. Өздігінен инвестор тарту, оларды ауыл, ауданға апару әкімдердің қолынан келмейді. Екіншіден, елдегі ірі компаниялар құрылған кезде «квазимемлекеттік сектор экономиканы өрге сүйрейді» деген үміт артылды. Сондықтан инвестиция мәселесі сөз болғанда «Самұрық-Қазына» сұралуы керек. Құрамына ірі компаниялар кіретін бұл компания соңғы кезде Ұлттық қордың қаражаты мен зейнетақы қорының қаржысына қатты иек артып кетті. Бұл компанияның міндеті ірі-ірі халықаралық жобалар жасау болуы керек. Мысалы, бір ғана Түркістанда үлкен логистикалық хаб жасауға болады. Түркістан – тоғыз жолдың торабы. Қырғыз, өзбек, тәжіктер Түркістан арқылы өтеді. Қытай арқылы сауданы қыздыруға болады. Логистикалық хаб аясында экспорттың әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. Алайда жергілікті әкімдік онымен бас ауыртқысы келмейді. Әкімдер үкіметке ауыз ашады да отырады. Инвестиция тартуға қауқары, білімі жетпейтін болса, ол шенеуніктер белгілі бір саланы, облысты басқаруға тағайындалмау керек. Әкімдердің рейтингі, қызметі инвестиция тартуға байланысты бағалануы керек.
Бара-бара бюджеттің қаражаты мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын төлеуге де жетпей қалатын түрі бар. Қазір үкімет «салықты өсіру арқылы бюджеттің жыртығын жамаймыз» деп жатыр. Бұл – бюджетке уақытша ғана дем беретін құбылыс. Ал тікелей инвестиция тарту – сенімді қадам. Бұл жұмыс барлық деңгейде, аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет», – дейді профессор.
Сұлтанғазиев сияқты білдей бір облысты басқарып отырған әкімдер үкіметке қызықты механизмдер ұсынып, шетелдік алпауыттармен тіл табысудың орнына инвесторларды елден бездіріп жатқанда үкімет салықты қымбаттатып, «ауа райын» одан әрмен бұзып жатыр...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ