Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:52, 07 Қазан 2023

Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған тұлғалар ісі

3
Фото: из открытых источников

Батыс Қазақстандағы репрессия зардабы

1925 жылы елімізді басқаруға келген Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды Қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып әзер жеткені – бұл зұлматтың қаншалықты қасіретті болғанын көрсетуде. Осы орайда әр өңірде саяси қуғын-сүргіндерді ақтау мәселесі бойынша өңірлік комиссиялар қызмет етуде. Батыс Қазақстан облысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысы жөнінде тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, алаштанушы, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменовамен сұхбат құрдық.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Батыс Қазақстан облысындағы атқарылған жұмыстар, шығарған кітаптар, шешуді қажет мәселелер туралы ақпарат бере өтсеңіз.

– Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды Жантас Сафуллин жетекшілік етеді. Жеті бағыт бойынша жауаптыларды бекітіп, жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Арнайы сайт ашып, зерттеу материалдарын халыққа қолжетімді етіп жасалды. Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу бойынша жұмыс тобына жауапты Есқайрат Хайдаров болса, күштеп ұжымдастыру және 30-шы жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша жұмыс тобына жауапты Бақтылы Боранбаева, кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша жұмыс тобына жауапты Жантас Сафуллин, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша жұмыс тобына жауапты Альфия Байболсынова, дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобына жауапты Қазыбек Қабжан, 1939-1945 жж. фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобына жауапты Ахмедияр Батырханов, Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жж. аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс тобына жауапты Айболат Құрымбаев бастаған топ жан аямай еңбек етуде.

Алдыңғы жылдарды атап өтпегенде, 2022 жылы жұмысымыздың нәтижесінде жеті кітап шықты. ХХ ғасырдың басындағы алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, дәрігер Дәулетшах Күсепқалиевтің өмірі мен қызметі туралы құжаттық мағлұматтар берілген «Дәулетшах Күсепқалиев: қоғамдық-саяси қызметі», бүгінгі күнге дейін Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорларында құпия сақталып келген 1921-1922 жылдардағы Орал, Бөкей губернияларындағы ашаршылыққа қатысты тарихи құжаттар негізінде «Орал, бөкей губернияларындағы ашаршылық (1921-1922 ж.ж.)», «Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістері (1928-1932 жж.)», А.Батырхановтың 2021 жылы жарық көрген, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Жымпиты, Тайпақ, Теректі және Чапаев аудандары бойынша ІІ дүниежүзілік соғыс тұтқындары туралы мәліметтерден тұратын «Тауқымет тартқан тағдырлар» атты кітабының ІІ бөлімі, «Қуғындалған хазіреттер» сынды зерттеу кітаптары жарық көрді. Ғылыми еңбекте Батыс Қазақстан облысы аумағындағы 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістері БҚО полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде кешенді түрде зерттелді. Жаңақала және Ілбішін көтерілісі, Жымпиты көтерілісі, Орал төңірегіндегі селолардағы оқиғалар, Азғыр, Орда, Жәнібек және Шыңғырлау аудандарындағы халық наразылықтарының себеп-салдары, жүру барысы, қатысушылардың әлеуметтік құрамы, оларға тағылған айыптар, қабылданған үкімдер, ақтау қорытындылары архив деректері арқылы нақты қарастырылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізсіз тәркіленіп, жер аударылған, айыппұлдар салынған 1214 адамды ақтауға ұсынылды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыс тобының басшысы Жантас Сафуллин «ВАТҮSMURA.KZ» порталын ашып, мәліметтерді және халық жадындағы естеліктерді осы порталға салып отыр. Видео сұхбаттарды жинақтап, сайт жасаған. Бұл нағыз жанашар адамның еңбегі деп айтқым келеді. Batysmura.kz сайтына зерттеу барысында тәркілеуге ұшырап, жер аударылғандар туралы деректерді жылдар бойынша орналастырдық. 1928 жыл – 81, 1929 жыл – 54, 1930 жыл – 226, 1931 жыл – 220, 1932 жыл бойынша – 51 адам енгізілді.

Өлкедегі комиссияның атқарған жұмыстарынан қандай да бір цифрлық деректер белгілі болды ма?

– Жоғарыда атап өткенімдей, бірнеше бағыт бойынша жасалған жұмыстардың нәтижесінде тарихтың ақтаңдақ беттеріне үңіліп жатырмыз. Бізге әлі ашылмаған тараулары мен тармақтары қанша. Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу бойынша жұмыс тобына жауапты маман тарих ғылымының кандидаты Есқайрат Хайдаров. Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның және зерттеу тобының мүшесі ретінде жоба аясында 2022 жылы төмендегідей ғылыми-ізденіс жұмыстарын атқарды. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің 992-қорындағы ұжымдастыру саясатына, соның ішінде Азғыр ауданындағы кәмпескелеу мәселесіне қатысты деректерге талдау жасалынды. Азғыр ауданындағы кәмпескеленген байлардың тізімі жасақталды.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінің 18 қорынан табылған Азғырдың Пензаға айдалған байларына (П-4298 іс), Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылдарындағы байлар мен атқамінерлердің (П-2917 іс), №6 және №11 ауылдарындағы байлар мен ишан-молдалардың бас көтерулеріне (П-4072 іс), Жаңақала және Ілбішін көтерілісіне (П-3204 іс, П-3058 іс,П-3441 іс), Орда байларының бас көтеруіне (П-3271 іс, П-2915 іс, П-3774 іс, П-2571 іс), Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылындағы колхоздастыруға қарсылыққа (П-3118 іс, П-3286 іс) Шыңғырлау ауданының №16 ауылындағы наразылықтарға (П-3208 іс) қатысты құжаттық істер қайтадан қарастырылып, кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы бағытталған халық наразылықтары, ондағы тарихи оқиғалар нақты деректер арқылы жазылды. Зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес өңірдегі кеңес билігіне қарсы наразылықтарды, бас көтерулерді, көтерілістерді тұтастай қарастыра отырып, 1928-1932 жылдары Батыс Қазақстан облысында халық көтерілістері болды деген тұжырым жасалды. Бұл кезеңдегі оқиғалар басында Орал округінің, кейінгі Батыс Қазақстан облысының Азғыр, Жымпиты, Бөрлі, Зауральный, Камен, Жаңақала, Ілбішін, Орда, Жәнібек, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарын қамтыған. Бұрын тарихта тек қана Жаңақала ауданы белгілі болса, зерттеу барысында қосымша 10 ауданда халық наразылықтары болғаны анықтай отыра, осы қатынасқаны және кеңес өкіметіне қарсы шыққандары үшін 309 адамның жазықсыз саяси қудалауға ұшырағанын анықтадық. 1930 жылдары Орал маңындағы аудандардан және Жымпиты ауданынан барлығы 41 адам ату жазасына кесілген, қалғандары әртүрлі мерзімдерге концлагерьлерге қамалса, кейбірі жер аударылған және біразы тергеу кезеңінде тұтқында болғандары ескеріліп, қамаудан босатылған. Дегенмен саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны мұнымен шектелмейді. Бұл қорытынды архивте жұмыстану нәтижесінде біздің зерттеу нысанымызға іліккен нақты деректер болып табылады.

Саяси саяси қуғын-сүргін құрбандарының ішінде елеулі тарихи тұлғалар мен еңбектерін, Батыс Қазақстанның тарихындағы маңызын атап өтсеңіз.

– Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылған немесе атылған тұлғалардың қай-қайсысының алдында біз – тәуелсіз елдің ұрпақтары, қарыздармыз. Себебі адам болып өмірге келу де, адамзат болып қалыптасу да, еліңнің тұғырлы тұтқасына айналып, қысылтаяң шақта халқың үшін жан беру де оңай емес. Десек те сол тұлғалардың ішінен Айтқали Аблаев мен Күсесепқалиевты атап өтсек болады. Аблаев Айтқали 1898 жылы Батыс Қазақстан облысы,Тайпақ ауданы 14-інші ауыл советінде дүниеге келген. Батыс Алашорда офицері, қазақтың алғашқы ұлттық әскери кадрларының бірі. Ақпан төңкерісі қарсаңында Орал қаласындағы қолөнер училищесін бітірген. 1918 жылы жазда IV Қазақ Орал облыстық съезінің қарарымен – гимназияларда, реальдық училищеде, мұғалімдер мектебінде, уездік орыс-қазақ училищелерінде, болыстық орыс-қазақ мектептерінде орыс азаматтық білімін алған қазақ жастарынан әскери командалық құрам әзірлеу мақсатында бұрынғы орыс армиясы үлгісімен «Ойыл уәлаяты» үкіметі Жымпитыда ашылған қазақтың тұңғыш ұлттық әскери мектебін, алты айлық «Ойыл уәлаяты» юнкерлік мектебін бітірген алғашқы түлектердің бірі. Алаш Халық милициясын (әскерін) жасақтау, осы қажетке ауыл-болыстардан салық жинау ісімен шұғылданған айрықша жүздікті басқарды. Ғаббас Жетпісов төрағалық еткен большевизммен күрес жөніндегі комиссия жанындағы айдауыл (конвой) командасының командирі болды. Орал қаласы маңындағы Қараоба (Теректі), Шыңғырлау болыстарындағы большевиктерге ниеттес қоныс аударушылар поселкілерінде тергеу-тексеру жұмыстарына қатысты. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруінен соң Жымпиты гарнизонының бастығы болып тағайындалды. 1920 жылдың орта шенінде Орал губерниялық ауылшаруашылық несие мекемесінде қызмет істеді. 1930 жылдары Түркістанда әртүрлі қызметте болды. 1936 жылы 31 қаңтарда Айтқали Абылаевты тұтқындау жөнінде бұйрық шығады. Оны 1936 жылдың 10 ақпанында тұтқындап, Орал қаласына жеткізеді. Бұл материал Айтқали Абылаевтың №1220 ісінде толық көрсетіледі. Бұл іс 2 томнан тұрады. Айтқали Аблаевтың жеке құжаттық ісін қарай отырып, оның Кеңес өкіметі саясаты негізінде тұтқындалғанын және Батыс Алашорда үкіметінің құрамында қызмет істегенін, сол негізде тұтқындалып, ату жазасына кесілгені осы істе жазылады. Сонымен қатар «жеті қызыл әскерді атты» деген айып тағылып, күні бүгінге дейін офицер, Алашордашы, контрреволюционер ретінде ақталмаған Алаш қайраткері. 1998 ж. 16 сәуірде ҚР бас прокуроры А.Аблаевтың құқығын қалпына келтіруге «1993 ж. 14 сәуірінде шыққан ҚР-ның саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңымен қарастырылмағанын мәлімдеді.

Ал жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорда қайраткері Дәулетше Күсепқалиев туралы не айтар едіңіз?

Күсепқалиев Дәулетше (Дәулетшаһ) 1874 жылы 23 тамызда Орал облысының Калмыково уезінде ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының мұражайындағы Дәулетшаһ Күсепқалиевтің ісінен алынған. Дәулетше Күсепқалиев жеті атасынан тараған хан тұқымы – Әбілқайыр ханнан тарайды. Дәулетше Күсепқалиевтің әкесі құжат бойынша Юсуфгирей деп жазылған, негізінде Жүсіпкерей, ал анасы – Хадиша. Қазақ мектебін және Орынбор гимназиясын тәмамдады. Дәулетше Күсепқалиев 1895 жылдың 8 маусымында Орынбор қаласындағы ерлер гимназиясын күміс медальмен оқып, аяқтап шығады. 1895 жылдың 1 шілдесінде Император атындағы Мәскеу университетіне қабылданады. Ал 1900 жылы 12 маусымда осы оқу орнын тәмамдап, «Емші» деген біліктілік жазылған №911 дипломын алып шығады. Студенттік жылдары Дәулетше Күсепқалиев Орал әскери Казачество басқармасынан шәкіртақы алып оқыған.

Кейбір деректер бойынша осы университеттің заң факультетінде қатар оқып, екі дипломды бірге алған. Сол жылы Орал облысына қарасты Ілбішін уезіндегі 2-інші медицина-ауылдық учаскіге дәрігер болып бекітілді, Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрігерлік қызмет көрсетті. 1903 жылдан Орал облысындағы Гурьев уезіне қарасты 2-учаскінің Есбол, Қарабау, Кермеқас, Тайсойған және Қызылқоға болыстарына қызмет көрсететін дәрігер әрі осы учаскіде крестьянский начальник, Кермеқас 1 кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі. Көрнекті қазақ ақыны Шәңгерейдің ағасы Мұхамедкерей Бөкеевтің қызы Айшаға үйленеді. 1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі, сондай-ақ крестьянский начальник. Облыстық земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйытқы болды. Саратовтық эпидемиолог-дәрігер Г.Кольцовпен бірге алғаш қазақ даласында обаға қарсы күресетін лаборатория ұйымдастырды, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. 1914 жылы Самара қаласында өткен облыстық обаға қарсы күрес съезіне қатысып, жан-жақты баяндама жасады. Бұл оқиғаға Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады. Дәулетше Күсепқалиев, сондай-ақ «Қазақ» газетіне қалам қызметімен қолдау көрсеткендердің бірі. Осы еңбегі үшін газет ұжымы 1914 жылы 45-ші нөмірінде оған басқа азаматтармен бірге алғыс айтты. Ол 1915-1916 жылдары Жайық өңірінде сауда-кәсіпкерлік ісінің өркендеуіне үлес қосты. Мал тұқымын асылдандырумен айналысты, бір өркешті бактриян түйелері мен жергілікті тұқым арасынан төзімді де өнімді жаңа нар тұқымын шығарды, шағын несиемен жұмыс істейтін шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйытқы болды. Х.Тоқберлиновпен бірлесіп, «Қазақ» газетінде 1916 жылы шағын қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады. 1928 жылы күзде «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі категориямен тәркіленіп, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округіне жер аударылды.

Қорыта айтсақ, Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері қарқынды жұмыс атқарып келе жатыр, тарихтың ақтаңдақ тұстарын, құжаттық негізде зерттеп, жүйелеуде әлі еңбек етері сөзсіз. Президенттің арнайы Жарлығынан соң құпиялылық құрсауы алынған құжаттардан советтік репрессияның зұлымдық зардабы енді ғана толық көлемде анықталып жатыр. Бұл құжаттарды жариялап, жазықсыз жапа шеккен тағдыр иелерінің есімдерін толық ақтау – Жаңа Қазақстанның алдында тұрған парыздың бірі.

Сұхбаттасқан – Ақгүлім ЕрболқызыЫ