Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:31, 02 Ақпан 2026

Қазақстаннан OpenAI-мен жұмыс істеген бағдарламашы Ресейге депортацияланды

 Александр Качкуркин
Фото: Новая Газета

25 жастағы IT-әзірлеуші Александр Качкуркин Қазақстаннан әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы қолдан жасалған хаттамалар негізінде депортацияланған.

 Ресейге барған бетте оны ұшақта ұстап, «мемлекетке опасыздық» бабы бойынша қамауға алған. Бұл туралы Первый отдел хабарлады.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Ресейде Качкуркинге қарсы қозғалған істің негізі — Украинаға жасаған ақша аударымдары. Аталған бап бойынша оған 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына сотталу қаупі төніп тұр.

Александр Качкуркин — Украина азаматы, Қырымда туған әрі өскен. 2014 жылғы аннексиядан кейін оған Ресей азаматтығы күштеп таңылған. Саяси себептермен ол Қазақстанға қоныс аударып, мұнда DevOps-инженер әрі IT-әзірлеуші болып жұмыс істеген. Таныстарының айтуынша, Качкуркин OpenAI компаниясымен де әріптестік жасаған (ChatGPT әзірлеушісі).

Қаңтардың соңында Қазақстанда Качкуркинге бірден екі әкімшілік іс қозғалған: жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені және жабық орында кальян шеккені үшін. «Первый отделдің» мәлімдеуінше, бұл екі хаттама да қолдан жасалған.

Осыдан кейін айтишник «ел заңдарын құрметтемеу» уәжімен Қазақстаннан шығарып жіберілген. Құқық қорғаушылар депортацияның аса жылдам өткенін айтады: хаттама жасау, оны қарау, сотқа шығару туралы өтініш беру және депортацияның өзі бірнеше сағаттың ішінде жүзеге асқан. Ұшақ қонған сәтте Качкуркинді ресейлік күштік құрылымдар ұстап, сотқа жеткізген.

«Бұл — Қазақстанның құқық қорғау органдары мен заңдарын ресейлік күштік құрылымдардың адамдарды қудалау үшін пайдаланған айқын жағдайы. Қазақстан енді тіпті Украина азаматтары үшін де қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет болудан қалып барады», — деді адвокат Евгений Смирнов.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан ресейлік азамат Руслан Мовлаев та депортацияланған еді. Ол да саяси себептермен Қазақстанда жүрген, алайда қысқа мерзімде қабылданған сот шешімімен елден шығарылған. Құқық қорғаушылар бұл оқиғаны да Ресейдің арнайы қызметтерінің мүддесіне сай жасалған қадам ретінде бағалап, Қазақстан аумағында саяси қудалаудан қашқан адамдардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірген болатын.