Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:44

Қазақстанның бірнеше азаматына Ресейге кіруге тыйым салынды

Бапи мен Сарым
Фото:ЖИ

Қазақстандық  депутаттар мен қоғам қайраткерлеріне Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынған. Бұл туралы DW  хабарлады.

DW мәліметінше, Ресейге кіруге тыйым салынған тұлғалар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ермурат Бапи мен Айдос Сарым, саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Димаш Әлжанов, сондай-ақ қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы бар.

Айдос Сарым бұл тыйым жайлы 2021 жылы өз басынан өткен оқиғадан кейін білгенін айтты. Оның сөзінше, Брюссельге баратын делегация Мәскеу арқылы ұшып бара жатқан кезде, Қазақстан елшілігі оларды Мәскеудегі іс-шараға қатысуға шақырған. Алайда, дипломатиялық паспорты бола тұра, Айдос Сарымды Ресей шекарасынан өткізбеген.

«Мен ғана қалдым, қалған делегация өтті. Шекара бақылауында көп уақыт өткіздім. Консулды шақырдым. Кейін ФСБ қызметкері келіп, маған ‘персона нон грата’ екенімді көрсеткен қолхат берді. Ешқандай себеп көрсетілмеді. Қайта келсем, сегіз жылға дейін бас бостандығымнан айырыламын деп ескертті», – деді депутат.

Мұндай жағдайлар екі ел арасында өзара тізімдердің бар екенін көрсетеді. Мәселен, Қазақстан тарапы да кейбір ресейлік тұлғаларға кіруге шектеу қойған. Олардың қатарында Тина Канделаки, Тигран Кеосаян, Александр Дугин, Никита Мендкович, және РФ Мемдумасының депутаттары Евгений Фёдоров, Вячеслав Никонов пен Пётр Толстой бар.

Еске салсақ, бұған дейін ресейлік тарихшы Андрей Грозинге Қазақстанға кіруге рұқсат берілмегені туралы хабар тараған болатын.