Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Қазақстанның бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германиядан елге қайтарылады

Дүйсенов
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германиядан елге қайтарылады.

Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады.

Дүйсенов биыл тамыз айының соңында халықаралық іздеуге жарияланып, қыркүйекте Германияда Интерпол желісі арқылы ұсталған болатын.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның Германиядан саяси баспана сұрағаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда Бас прокуратура бұл мәліметті жоққа шығарды. Ведомствоның айтуынша, Дүйсенов ешқандай өтініш бермеген, ал оны Қазақстанға қайтару процесі қазір жүріп жатыр.

Мақсат Дүйсенов кім?

Мақсат Дүйсенов – Қазақстанның бас прокуратурасы мен қаржы полициясы саласында лауазымды қызметтер атқарған тұлға. Ол 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры болды. Осыған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығы мен «Самұрық-Қазына» қорында жауапты қызметтер істеген. 2012 жылы Дүйсенов Алматыдағы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің (қаржы полициясының) жетекшісі болып тұрғанында қарамағындағы қызметкерлері пара алғаны үшін қызметінен қуылған еді. Дүйсенов біраз жылдар бойы Қайрат Қожамжаровтың жақын серіктерінің бірі ретінде танылды. Сондықтан оның шетелде тұтқындалуы Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры, экс-сенатор Қайрат Қожамжаровтың төңірегіндегі серіктеріне қатысты басталған қылмыстық тексерулердің жалғасы ретінде қабылданды.

Аты шулы «Қорғас ісі»

Мақсат Дүйсеновтің аты аталып отырған негізгі эпизодтың бірі – көп жылдан бері қоғам назарында келе жатқан «Қорғас ісі». Бұл іс Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде 2010 жылдардың басында анықталған ауқымды коррупциялық схемаға байланысты. 2011 жылдың соңында қаржы полициясы Алматы облысындағы шекара бекеттерінде жүйелі жемқорлық пен контрабанда жүріп жатқанын мәлімдеген. Тергеу деректеріне сай, бірнеше адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жылдар бойы кеден бекетінде заңсыз әрекетпен айналысқан. Оның құрамында қылмыстық орта өкілдерімен қатар кейбір мемлекеттік орган қызметкерлері де болыпты. Бұл топ шекара арқылы тауар тасымалын кедергісіз өткізу үшін тиісті лауазымды тұлғаларға пара беріп отырған, осылайша миллиондаған доллар заңсыз табыс айналымы қалыптасқан делінеді. Аталмыш іс бойынша біраз кеденшілер, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеуге тартылып, кейбірі сотталғанын бұған дейін де жаздық.

Алайда «Қорғас ісінің» астарында тек экономикалық контрабанда ғана емес, оны тергеу кезіндегі заңсыз тергеу әдістері де бар болып шықты. 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Бас прокуратурасы «Қорғас ісі» бойынша тергеудің қайта басталғанын ресми растады. Тергеу барысында анықталған деректер бұрын бұл істі тергеген кейбір лауазымдылардың өздері заң бұзуға жол бергенін меңзейді. Атап айтқанда, экс-бас прокурор Қожамжаровтың қарамағында қызмет еткен Ұлан Мәдиев есімді бұрынғы қаржы полиция қызметкері 2023 жылы азаптау айыбымен ұсталды. Сол уақытта бірқатар ақпарат құралдары «Қорғас ісін тергеу қайта жалғасты» деп хабарлап, Қожамжаровтың қол астында істеген адамдарға тек азаптау ғана емес, күдікті әйелді зорлау айыбы да тағылғанын жазды. Тергеу материалдарында Қожамжаровтың адамдары ретінде аталған күдіктілер тізімінде жоғарыдағы Мәдиевтен бөлек қаржы полициясының тағы екі бұрынғы басшысы Талғат Татубаев пен Сергей Потанин бар екені айтылды. Тіпті «Қорғас ісі» бойынша басты куәгердің өлтірілуіне Қожамжаров қарамағындағыларының жанама қатысы болуы мүмкін деген мәлімдеме де жасалды. Бұл айыптаулар «Қорғас» ісін тергеу кезінде тергеушілер небір заңсыздықтарға барғанын көрсетеді.