Қазақстанның ертегі әлемі
Финляндия – Қазақстан – 1:2 (Тейлор, 28– Зайнутдинов, 77-п, 89)
Қазақстан құрамасы сырт алаңда Финляндияны жеңіп, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігін нықтай түсті. Әрине, негізгі қарсыластар да қарап қалған жоқ: Словения сырт алаңда – Солтүстік Ирландияны (1:0), Дания Сан-Мариноны (2:1) жеңіп, ұпай айырмашылығын сақтады. Дегенмен Қазақстан құрамасының Суомидегі табысы өте маңызды.
Биылғы іріктеу кезеңі басталғанда, құрама бапкері Магомед Әдиев өзіне дейінгілердің соқпағына түсіп кеткендей көрінген еді. Иә, Қазақстан 2022 жылы Әдиевтің жетекшілігімен бірінші рет топ жеңімпазы атанды. Ұлттар лигасының С дивизионынан В дивизионына көтерілді. Бірақ өз тобындағы соңғы ойында Әзербайжанға 0:3 есебімен жеңілген соң, жолдастық кездесулерде БАӘ-ден (1:2) және Өзбекстаннан (0:2) бос қайтты. Ал Euro-2024 іріктеу кезеңі аясындағы Н тобының алғашқы турында өз алаңында Словенияға 1:2 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, 4 ойын қатарынан ұтылды. Бір жылға созылған жеңіс рухы осымен шалт үзілгендей көрінді.
Бұдан әрі Қазақстан құрамасы да, жанкүйерлер де ертегі әлеміне еніп кеткендей күйге түсті. Отандастарымыз «Астана Арена» стадионында өз тарихында болмаған ерлік жасап, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін сырт алаңнан 6 ұпай (Сан-Марино – 3:0, Солтүстік Ирландия – 1:0) олжалап қайтты. Осылайша, күтпеген жерден Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне берілетін екі жолдаманың бірінен үміткерге айналып шыға келді.
Қыркүйектегі екі ойынның бірінде жеңіліп (Финляндия – 0:1), бірінде жеңіп (Солтүстік Ирландия – 1:0), Қазақстан 12 ұпаймен төртінші орынға сырғыды. Бірақ бәрібір бұл көрсеткіштің мәні терең еді. Өйткені Қазақстан құрамасы бұған дейінгі тарихында әлем чемпионаттарына, құрлық чемпионаттарына іріктеу кезеңдерінде ешқашан 10 ұпайдан асырып жинап көрмеген-ді. Мұны ескермегеннің өзінде, отандастарымыз бәрібір Euro-24 жолдамасынан үміт үзген жоқ.
Қазан айындағы қос матч та сырт алаңдарда өтетініне қарамастан, Әдиев шәкірттерін жақсы дайындай алған сияқты. 14 қазанда Копенгагеннің «Паркен» стадионында Даниядан 1:3 есебімен жеңілсе де, қазақстандықтарды жамандауға ешкімнің тілі барған жоқ. Біздің құрама психологиялық, физикалық тұрғыда да, жеке шеберлік мәселесінде де Еуропаның мықты командаларына жетеқабыл ойнай алатынын осы жолы тағы дәлелдеді.
Бірақ жақсы ойын жақсы нәтиже болып тіркелмейтіні белгілі. Сондықтан үш күннен кейін Хельсинкиде өтетін Финляндия – Қазақстан кездесуін асыға күттік. Мұның тағдыршешті кездесу болатыны екібастан белгілі еді. Словения мен Данияны ұзатып алмау үшін де екі командаға жеңіс ауадай қажет болды.
Қанша тырысса да, Олимпиаштадиондағы алғашқы тайм отандастарымызға тым ауыр соқты. Финдер бұған дейін негізгі қарсыластың екеуінен де (Дания – 0:1, Словения – 0:3) жеңіліп, жағдайын қиындатып алған-ды. Сондықтан салған жерден тықсырып, нәтижені бірінші таймда-ақ реттеп қоюға тырысты. 28 минутта белгіленген айып добын Роберт Тейлор мүлтіксіз теуіп есеп ашқанда, Қазақстанның ертегі әлемі осымен тұжырылғандай көрінгені де рас.
Ойыннан кейін М.Әдиев айтқандай, міне, осы тұстан Қазақстан құрамасы ең алдымен өзіне ашулана алған сияқты. «Біз мақсат биігінің табалдырығына келіп тұрып шегінеміз бе?» деп әр футболшы ширыққандай. Алғашқы тайм аяқталмай-ақ Қазақстан ойынды теңестірді, бірақ есепті теңестіруге біраз уақыт қажет болды. 75 минутта Финляндия қақпасына пенальти белгіленді. Ойын бірсыдырғы өтіп жатқан тұста ВАР араласып, алаңдағы төрешіні экранға шақырғанда ғана мәселе белгілі болды. Финн қорғаушысы Р.Йенсен біздің Александр Марочкинмен допқа таласқанда, қолын қатар сілтепті. Бақтияр Зайнутдинов пенальтиге кібіртіксіз тәуекел етті және мүлтіксіз орындады. Бұдан кейін Олимпиаштадионға Қазақстанның ертегісі түгелдей хандық құрды. 89 минутта Рамазан Оразовтың бұрыштан көтерген добын дәл сол Зайнутдинов баспен соғып, қазақ еліне үлкен жеңіс сыйлады.
Енді бәрі өз қолымызда. Қараша айында бізді өз алаңымызда – бір (Сан-Мариномен), сырт алаңда бір (Словениямен) ойын күтіп тұр. Біз топ аутсайдерін қабылдағанда, Дания мен Словения өзара қырқысып, сірә, Euro жолдамасының алғашқы иесін нақты анықтайтын болса керек. Сондықтан 20 қарашадағы соңғы турда Қазақстан қалайда Словенияны сырт алаңда ұтуға тура келетін жағдай қалыптасуы мүмкін.
Әрине, 15 ұпай жинағаны үшін Қазақстан құрамасын қазірден-ақ төбеге көтеруге болады. Бірақ Еуропа чемпионатының төбесі көрініп тұрған тұста бәрінен бас тартып, «осыған да қанағат» деп барымызды жинай беруге болмас. Сондықтан соңғы турға дейін Дания мен Словенияға тең бәсеке көрсетіп, «жастығымызды ала жығылғанға» не жетсін!
Н тобында көш басындағы Словения, Дания құрамаларының 19-дан ұпайы бар. Бізде – 15. Қазақстан Сан-Мариноны жеңген күннің өзінде, 18 ұпайдың жолдама үшін жеткіліксіз болатыны қазірден түсінікті. Сондықтан Любляна қаласында Словениямен өтетін соңғы матч Қазақстан ертегісінің ғұмыры қаншалықты ұзақ болатынын дәлелдейді.
Финляндия – Қазақстан (1:2) кездесуінде Қазақстан құрамасының тарихындағы біраз жетістік жаңарды:
- Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңдерінде тұңғыш рет 15 ұпай жинады. Бұған дейінгі ең ірі екі көрсеткіш Euro-2008 және Euro-2020 іріктеу кезеңдерінде олжалаған 10 ұпай еді.
- Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Б.Зайнутдинов Финляндия қақпасына екі доп соғып, құрама тарихындағы бас мергенге айналды. Ол Р.Балтиевтің 2009 жылы бекіткен рекордын (13 доп) бірден жаңартты. Р.Балтиев Қазақстан сапындағы 13 добын 12 жыл ішінде соқса, Зайнутдинов рекорд жаңартуға мейлінше аз уақыт жұмсады. Ол 2018 жылы құрамада өткізген алғашқы кездесуінде-ақ мергендік танытса (Венгрияға гол соқты), 14 голға 5,5 жылын жұмсады. Демек, алдағы уақытта Бақтияр соққан әрбір доп Қазақстанның мергендері үшін жаңа меже болмақ.
- Қазақстан құрамасы Финляндияны алғаш рет тізе бүктірді. Бұған дейін скандинавиялықтармен 5 ресми, 1 жолдастық кездесу өткізіп, отандастарымыз жалғыз жолдастық кездесуде ғана (2006 жыл) тең ойнаған еді. Содан бергі 5 кездесуде де жеңілді. Биылғы іріктеу кезеңінде Қазақстан өзі үшін аса ыңғайсыз қос құраманы тұңғыш рет жеңді (Дания – 3:2, Финляндия – 2:1).
- Қазақстан құрамасы бір іріктеу кезеңінде сырт алаңда 3 ойында жеңіске жетті. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік. Әзірше осы іріктеу кезеңінде отандастарымыз өз алаңымызға қарағанда, сырт алаңда көбірек ұпай жинап келеді.
- Қазақстан құрамасы өз тарихында 60-жеңіске қол жеткізді. 236 ойында 60 жеңіс тым аз көрінуі мүмкін. Бірақ соңғы жылдары жеңістеріміз жиілей түскендіктен, мұны ерекше атамай болмайды. Мысалы, Қазақстан 40-жеңісіне 2015 жылдың 13 қазанында (Латвия – 1:0) жеткен болса, 50-жеңіске дейінгі мерзім (16.11.2021 ж. Тәжікстан – 1:0) алты жылға созылды. Одан кейінгі он жеңіске небәрі 2 жылға жетер-жетпес уақытта ие болып отырмыз. Бұл да тамаша нәтиже.
- Қазақстан құрамасы өз тарихындағы 250-голын Финляндия қақпасына енгізді. 236 ойында 250 гол да аса көп емес. Бірақ Еуропа футболының «өз баласына» айналу уақыты тым созылып кеткенін ескерсек, бұған да көңіл тоғайтуға болады.
- Финляндия құрамасына Қазақстан құрамасынан жеңілген 34-команда болып отыр. Жалпы, 1992 жылдан бері біздің құрамаға қарсы 74 құрама алаңға шықты. Демек, Қазақстан өзі кездескен 40 қарсыласты әлі жеңе алған жоқ.
- Б.Зайнутдинов Қазақстан құрамасы тарихындағы 21-дубль авторы атанды. Құрама сапында 3 дубль жасаған С.Хижниченко бұл көрсеткіште көш басында тұр.
- Қазақстан құрамасы өз тарихында бесінші рет камбәк жасап отыр, яғни бірінші қарсылас голын өткізіп алып, ойынды жеңіспен аяқтады. Бұған дейін Ирак (2:1), Фарер (2:1), Молдова (2:1) және Дания (3:2) құрамалары Қазақстанның камбәк жасауына мүмкіндік берген еді.
- Қазақстан құрамасы сырт алаңдағы 13-жеңісіне қол жеткізді. Оның үшеуіне – Азияда, онына Еуропада жетті.
- Қазақстан құрамасы 2021 жылдан бері соңғы минуттарда 6 доп соқты. Оның үшеуі жеңіс сыйлады (екі рет – Әйімбетов, бір рет – Зайнутдинов), екі доп тең нәтиже әкелді, бір доп жеңісті нықтай түсті.
Қараша айындағы екі матчты асыға күтеміз. Әрине, тікелей жолдама ала алмасақ та, Ұлттар лигасының қосымша ойындары арқылы құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне жол ашуға болады. Бірақ «темірді қызған кезде соқ» дейді қазақ. Финдер қамалын бұзған жігіттер Словения қақпасынан саңылау таппайды дегенге кім сенер?!