Қазақстанның инвестициялық климаты қолайсыз
Өткен 30 жылда әлемнің 120-дан астам елі Қазақстанға 330 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция салды. Олардың жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне және АҚШ-қа тиесілі.
Панедемия кезінде инвестицияға қатысты бірқатар процесс бәсеңдеп, қарқынын жоғалтқандай болған. Артынан қайта тірілді. Алайда аталған инвестициялар көбіне елге емес, инвесторларға қолайлы бағыттарда жүріп жатыр. Басым бөлігі баяғы тау-кен металлургия кешеніне, өңдеу өнеркәсібіне, саудаға, көлік және қаржы секторына бағытталған. Бұлай жалғаса берсе, экономиканы әртараптандыру деген мақсатымыздың орындалуы екіталай.
Мәселен, қазір тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 13,3 млрд доллар. Бұл 2022 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 4 пайызға төмен. Ең көп қаржы өңдеу өнеркәсібі мен кен өндіру, карьерлер қазу салалары бойынша келген. Бұл тізімді көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс салалары жалғастырады. Ал ең төменгі көрсеткіштерге келсек, ауыл шаруашылық, орман және балық шаруашылығы мен қаржы-сақтандыру саласына тартылған инвестиция. Жылжымайтын мүлік, ғылым мен техника, білім беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтік салалар тіптен ақсап тұр. Бұлайша, тек екі-үш саланың басымдыққа ие болуы Қазақстанның инвестициялық имиджінің төмендігінен дейді экономист Расул Рысмамбетов. Елдегі қолайсыз инвестициялық климат пен тұрақсыздық жайлы маманның өзімен сұхбаттастық.
Рекорд үкіметтің жетістігі емес
Өткен жылы рекордтық көрсеткіш көрсеткеніміз рас. Бірақ оны айтып мақтанатын ештеңесі де жоқ. Өйткені бәрі баяғыша. Тек сырттағы компаниялар өз өндірісін көбейту мақсатында ТШИ салып жатыр. Демек, бұл рекорд үкіметтің жетістігі емес. Олардың қатысы да шамалы, себебі қаржыны жеке секторлар мен компаниялар тартуда. Өзімен-өзі динамикада келе жатқан процесс қой бұл. Бір жағынан мәселе есептің қалай жүргізілетініне де байланысты. Кейбір компаниялар сырттағы «аталас» компанияларынан қарыз алады да, оны инвестиция есебіне қосады. Соның салдарынан біздің ТШИ-дің басым бөлігі қарыздық есепте. Бұл әдіс компанияларға салық жағынан оптимизация жасауға, яғни мемлекетке төлейтін соманың азаюына жәрдемдеседі. Біздегі салық жүйесі түсініксіз әрі бюрократия белең алып тұрғандықтан, компанияларға осылай қарыз ретінде ақша тарту тиімдірек болып отыр.
Біздегі жағдай шикізат өндіретін ірі инвесторларға ғана ыңғайлы
Әрі біздегі инвестицияның басым бөлігі әлі де баяғы дәстүрлі бағыттарға шоғырланған. Өйткені жағдай тек шикізат өндіретін ірі инвесторларға ғана ыңғайлы. Оларға қойылатын талаптар айтарлықтай жоғары емес, ал жұмысшыларға төленетін жалақы мөлшері төмен. Дәл осы себептен бізге келетін инвесторлардың 80 пайызы шикізат өндірушілер мен тасымалдаушылар. Ал қайта өңдеу мен өндіріс салаларына қызығушылық аз. Алайда шикізат өндірушілерге қарап мәз болып отыра бермей, қайта өңдеу мен экономиканы диверсификациялауға мән беру керек. Мәселен, бізде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, ауыл шаруашылық және су техникаларын дамыту, логистика, дайын тауарлар шығару салаларына көбірек инвестиция тартуға мүмкіндік бар, потенциал жоғары. Өкініштісі, осы мүмкіндіктер өз деңгейінде қолданылмай жатыр.
Қазақстанның инвестициялық имиджі төмен
Инвестицияның басым бөлігі неге бұл салаларда? Себебі шетелде Қазақстанға ақша салатын болсаң, шикізат, банк секторы, сауда саласы ғана ыңғайлы деген көзқарас қалыптасқан. Ал шағын, орта, ірі өндіріс ошақтарын салу күрделі, жер табу және онда инфрақұрылым тарту қиын деген пікір бар. Яғни шетелдік инвесторлар үшін Қазақстандағы инвестициялық климат жайсыз және инвестициялық имиджіміз нашар. Сондықтан да көпшілік Қазақстан десе, шикізатты ғана ойлайды.
Мәселен, инвестор ірі жобамен айналысқысы келсе, міндетті түрде әкіммен, тағы басқамен, шенеуніктермен кездесуі керек. Ол дұрыс емес. Негізі инвестор келіп, сайтта қажетті ақпаратты толтырып, жер бар ма, жоқ па көріп, тез арада жауап ала алуы қажет. Оған премьер-министрдің, әкімнің қатысуы соншалықты маңызды ма? Осы жағы тым шұбалаңқы әрі ұзақ уақыт алады. Ал инфрақұрылымы дайын жер телімін алу тіпті арманға айналған. Әкімшілік пен әкімнің қатысуынсыз осындай процестер жүрмей, тұралап қалады. Дұрысы бұл ХҚКО-дан қызмет алу секілді жеңіл болуы керек. Мәселен, сізге ХҚКО-ға барып, куәлік жасату үшін ешкімнің тікелей көмегі қажет емес қой. Немесе Kaspi.kz, Halyk қосымшалары секілді операцияларды өзің-ақ, ешкімнің қатысуынсыз жасай алатындай болуы тиіс. Міне, инвесторларға қолайлы инвестициялық климат деген – осы. Ал бізде бюрократия ушығып, инвестиция салудың әуресі көп болғаны, түсініксіздігі соншалық, арнайы «Қазақ Инвестті» құрды. Өйткені үкімет жергілікті билікке сенбейді. Ал ішкі бизнестегі тұрақсыздық пен құжатбастылықты шешу үшін «Атамекен ҰКП» құрылды. Олар мемлекет пен екінші тараптың арасындағы «аудармашы» секілді. Осындай қарым-қатынастың өзі мемлекеттің инвесторлармен және ішкі бизнеспен жұмыс жасай аламайтынының белгісі. Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстанға инвестиция салу өте күрделі, түсініксіз және тиімсіз. Әрі процестің «жемқорлануы» да кері әсер етпей қоймайтыны анық.
Бір заңмен бастайсың, екіншісімен аяқтайсың
Инвестициялық климат дегеніміз – тек министр емес, ол мықты сот жүйесі, тұрақты заңдар мен түсінікті салық режимі. Бізде бұл жағы да реттелмеген күйі келеді. Алдымен салық жайлы тарқатайық. Оны екі қырынан қарастырамыз. Біріншісі, салықтың көлемі, пайызы, екіншісі, оны төлеу жолдарының ұйымдастырылуы. Мәселен, қазір сіз істеп жүрген жұмысыңызды тастап, дүкен ашқыңыз келді делік. Алдымен салық кодексімен танысайын деп аласыз да оқисыз. Бірақ ештеңе де түсінбейсіз. Өйткені заң түсініксіз. Сөйтіп, сізге есептерді жүргізіп, салықты төлеп отыратын есепші жалдау үшін айына орта есеппен 200-300 мың теңгеге артық шығындалуға тура келеді. Осындай деңгеймен жаппай кәсіпкерлік туралы қалай айтамыз? Сонда бәріміз бухгалтер-есепші болуымыз керек пе? Әрине, жоқ. Ірі кәсіптер үшін арнайы есепші ұстаған ыңғайлы, ал шағын, орта бизнесте бәрін кәсіпкер өзі істей алатындай түсінікті жүйе болғаны дұрыс. Бізде ол жоқ. Салық та, басқасы да түсініксіз.
Ал заңдарға келер болсақ, мәжілісіміз заңдарды қабылдауға үлгермей жатыр. Кейбір заңдарды тіпті жылдап күтеді. Мәселен, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң 5 жыл мәжіліске кіре алмады. Кейін қабылдануын қабылданды да, енді қайта-қайта түзетіліп жатыр. Бір заңмен бастадық, екінші заңмен аяқтадық. Бүгін қабылданғаны екі-үш жылда мүлде басқа заң болып шығады. Ал салмақты, ұзақмерзімді инвестициялық жоба үшін бұл аяққа оратыла беретін кедергі іспеттес. Соны ескеріп жатқандар болсайшы... Бұл орайда нақты жоспар жоқ, не енгізуді, не үшін енгізуді ұзақмерзімді перспективада саралап жатқан мамандар да жоқ. Азанда тұрды, ұсыныс келді, алып өзгерте салды. Сәйкесінше, салықта да, қажетті заңдарда да тұрақтылық жоқ. Жиі өзгеретіні сонша, біреуінен екіншісіне ілесе алмай қаласың. Инвестор бүгін келіп, әкімді іздеп тапқанша, премьердің қабылдауында болғанша, іс жетер жеріне жеткенше басында сүйенген, сенген заңдары өзгеріп кетеді. Сосын олар «оданда Өзбекстанға барайық, Ресейге барайық» деп кетіп қалады. Заман сондай, ешкімнің де уақыты мен бюджетін босқа құрта бергісі келмейді. Қорыта айтқанда, осындай тұрақсыздықтардың алдын алмай, инвесторлардың белсенділігі өспейді.
Жеңілдіктердің көптігі сонша, салық мамандарының өзі шатасады
Бізде аталған базалық қажеттіліктермен жұмыс жасаудың орнына, жеңілдіктер ойлап табуды құп көреді. Мұндай салық жеңілдіктерінің мәселесіне келгенде бір нәрсені баса айтқан жөн. Егер бізде инфрақұрылым тарту жағы оңай болғанда салық жеңілдіктерінің қажеті де болмас еді. Өйткені Қазақстан географиялық тұрғыдан өте жақсы орналасқан, Қытай, Ресей, Таяу Шығыстың ортасындағы дәнекерміз. Осы артықшылықтарды дұрысынан қолдансақ, құба-құп. Мейлі, көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Дегенмен көбінің аты бар, ал алу жолы түсініксіз, бұлыңғыр. Шын мәнінде, жеңілдіктер жасаудың да өз реті бар. Оңды-солды салықтан босата беруге тағы болмайды. Оның бәріне ортақ және міндетті болғаны орынды. Салықты жеңілдетуге болар, бірақ толық босату қате. Қазір елімізде әртүрлі компанияларға арналған арнайы салық режимі бар. Ал енді олардың көптігі сонша, салық мамандарының өзі шатасады. Күлкілі естілер, бірақ бізде салықтан гөрі жеңілдік көп. Олай жалғаса берсе, салықты ұйымдастыру ісі ақсаған үсті ақсай береді.
Осы тәрізді әртүрлі әдістермен инвесторларды «аулау» мүмкін емес, қолайсыз климатта өсімдік өспейтіні секілді, инвестицияны да күштеп өсіре алмаймыз. Ал тек жеңілдіктер беру арқылы климат жасау қиын. Сол себептен «эко орта» қалыптастыру қажет. Ол үшін өмір сапасы мен жайлылығы, түсінікті салықтар мен заңдар, тез шешім қабылдай алу сынды факторларды дамытқан жөн.
Ішкі инвесторлар елеусіз жүр
ТШИ қатысты мәселелер осындай. Тағы бір үлкен мәселе, мемлекет инвестор дегенді дұрыс түсінбейді. Олар үшін инвестор деген міндетті түрде шетелдік компания немесе тұлға. Ал ішкі инвесторларға мойын бұрып қарамайды да, бар екен деп елемейді де. Тоқалдан туғандай күй кешіп жүрген отандастарымыз мұндайдан соң өз еліне өзі қаржы салғысы келмей қалады. Бұл үрдіс бүгінде байқалып отыр. Міне, алдымен осы мәселені шешіп, ішкі инвесторларға жағдай жасап, олардың белсенділігін арттыру керек. Ақшаны неге шетелден ғана іздейміз? Өзімізде де бар ғой. Қазақ инвесторлары Қазақстанды керек етпесе, ол шетелдіктерге қайдан керек болсын? Шетелдік инвесторларға тартымды болу үшін алдымен өз инвесторларымыздың сеніміне ие болу маңызды.
Дайындаған – Баян Мұратбекқызы