Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 20 Маусым 2024

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы

инвестиция
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы «алдымен – экономика, сосын – саясат» қағидаты елге шетелдік инвестиция ағынын арттыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Былтырдың өзінде жалпы құны 696 млрд теңгеге инвестициялық келісімшарт жасалды.

 Қытай мен Қазақстан арасында 16,54 млрд АҚШ долларына 30 құжатқа қол қойылды. Бұл ретте 21 млрд АҚШ долларына 52 бірлескен жобаны іске асыру сәтті жүзеге асып жатыр. Былтыр БАӘ мен Қазақстан арасында 4,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 10 инвестициялық келісімге қол қойылды. Өткен жылы сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 70-ке жуық ірі жоба бойынша келісімшарт жасалған. Оның ішінде білім, электр энергиясы, газ, қойма шаруашылығы мен транспорт саласы көш бастап тұр. Бұл мәлімет Ұлттық статистика бюросы ресми көрсеткішімен де сәйкес келеді. Онда жалпы инвестиция көлемі 18 трлн теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,7%-ға өскен екен.

Рейтингте көш бастап тұрмыз

Айта кетерлігі, инвестиция тарту бойынша Қазақстан 2022 жылы рекорд орнатқан еді. Бір жыл ішінде Орталық Азия елдері 10 миллиард доллар инвестиция тартса, оның 6 миллиардтан астамы Қазақстанға тиесілі болды. Салыстыру үшін айта кетейік, бұл көрсеткіш 2021 жылға қарағанда 83%-ке жоғары. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022 жылғы Дүниежүзілік инвестиция есебінде Орталық Азия бойынша инвестициялық тартымдылығы жағынан Қазақстанның алда екені айтылған. Бұл бағыттағы Өзбекстанның көрсеткіші $2,5 млрд, Беларусь $1,6 млрд шамасында ғана. Айта кетерлігі, Қазақстан тек шикізатқа ғана емес, жаңартылған энергия жобаларына инвестиция тарту бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Біздің ел бұл саладағы инвестиция ағынымыз $56,3 миллиардты құрайды. Сөйтіп, әлемнің дамушы экономикалары арасында 5-орынға шығып отыр. Биыл да шетелдік инвесторлар үшін тартымды елдер қатарында болып отырмыз. Жыл басында fDi Intelligence халықаралық агенттігінің сарапшылары Халықаралық валюта қорының дерегі мен fDi Markets шетелдік инвестициялар мониторингіне сүйеніп, әлем елдерінің макроэкономикалық көрсеткіші мен тікелей шетелдік инвестицияларға талдау жүргізді. Онда Қазақстан инвестициялық тартымдылығы жоғары ТОП-10 мемлекеттің қатарына қосылды. Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің инвестициялық тартымдылығына жүргізілген зерттеу рейтингінде алтыншы орынға жайғасқан. Былтырғы сәтті жүзеге асқан жобалардың ішінде AD Ports Group (БАӘ) компаниясымен – Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын кеңейту, Alarko Holding (Түркия) компаниясымен – Түркістан облысында жылыжай салу және Pfizer (АҚШ) – биотехнологиялық препарат өндірісін локализациялау, F. Hoffmann-La Roche AG (Швейцария) – Қазақстан Республикасындағы дәрілік заттар өндірісін оқшаулау, GE HealthCare (АҚШ) – медициналық жабдық өндірісі, PSA International (Сингапур) – Транскаспий бағытын дамыту, Rehau (Германия) – профильді экструзияны локализациялау, Total Energies (Франция) – Жамбыл облысында жобалық қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу және пайдалану, PepsiCo (АҚШ) – Алматы облысында жеңіл тағамдар өндірісін ұйымдастыру, Wika (Германия) – Атырау облысындағы мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдық өндірісі, ACWA Power (Сауд Арабиясы) – Жетісу аймағында жел электр станциясын салу, Wabtec корпорациясы (АҚШ) – локомотив тетіктерін күрделі жөндеу бойынша сервистік хаб құру сияқты келісімдерде атауға болады.

Экономист, Асылхан Аңдашевтің айтуынша, елдегі инвестицияның артуына саяси тұрақтылық пен шетелдіктер үшін тиімді заңнама оң ықпал етіп отыр. Шетелдіктерді Қазақстанның географиялық орны да қызықтырады. Яғни транзиттік ел ретінде мүмкіндігіміз мол. «Орталық Азияның барлық импорты мен экспортының 60%-ы біздің ел арқылы өтеді. Бұған қоса, Қазақстанда шетелдік инвесторларға жеңілдік пен преференция берілген. Қазақстанда инвесторлар үшін бизнес-климаттың қолайлы аспектісіне көп көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілерді азайту және процедураны жеңілдету, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан IMD рейтингінде салық саясаты бойынша 5-орында тұр. Яғни инвестор үшін салық міндеттемелерін 20%-ға дейін азайту жоспарланған», – дейді экономист.

Айта кетерлігі, шетелдік инвесторларға қолайлы болу үшін кәсібін тіркеу кезінде барынша қолайлы жағдай қарастырылған. Мысалы, заңды тұлғаны бір жұмыс күні ішінде тіркеу, мүлікті 3 күнде тіркеу, құрылысқа рұқсат беруді 3 айдан аса уақыт ішінде шешу сияқты жеңілдіктер бар. Бұған қоса, кәсібін экономикалық аймаққа тіркеген шетелдік инвесторлар корпоративтік табыс салығы, жер салығы, кедендік баждар және арнайы экономикалық аймақтарға тауарлар импорты бойынша ҚҚС, мүлік салығынан босатылып отыр. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсартудың маңызды қыры болып саналатын ашық салық саясаты үшін арнайы Салық кодексі әзірленіп жатқанын айта кету керек. Онда салықтық бақылауды цифрландыруға басымдық берілген. Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік инвесторлардың құқығы әлемдік тәжірибеге сәйкес қорғалады. Коммерциялық дауларды шешуде Астана халықаралық қаржы орталығы мен халықаралық төрелік орталығы жауапты. Онда 2018 жылдан бері 2,5 мыңға жуық іс қаралған екен. Атап айтқанда, коммерциялық даулар – 2459 болса, арбитраж шешімі – 500-ден асады.

Қазақстанға қандай мемлекеттер инвестиция құйып отыр?

Былтырғы мәлімет бойыншаҚазақстанға ең көп инвестицияны Нидерланды –$4,6 млрд, АҚШ – $3,1 млрд, Швейцария – $1,9 млрд, Ресей – $1,8 млрд, Қытай – $1,4 млрд салған. Сонымен қатарүздік 10 инвесторға Оңтүстік Корея, Бельгия, Франция, Германия және Ұлыбритания еніп отыр. Шетелдіктер Қазақсанға тек қаражат қана беріп қоймай, экономиканың қозғаушы күші болатын кәсіпорындары да елімізге қоныс аударып жатыр. Мысалы, 2023 жылы АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Аустралия, Франция, Түркия, Литва, ҚХР және т.б. елдерден 20-ға жуық компаниялар біздің елде өз бөлімшелерін ашқан екен. Олардың ішінде машина жасау, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жеңіл өнеркәсібі, мұнай-химия, денсаулық сақтау, көлік, логистика және т.б. салалардағы жобаларға тиесілі. Аталған кәсіпорындар Алматы, Қостанай, Атырау, Жамбыл, СҚО, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында іске асырылуда. Солардың қатарында Ұлыбританияның Weir Minerals компаниясы да бар. Бұл компания Алматы қаласының аумағында сорғы жабдықтарды, гидроциклондарды, бекіту арматурасын құрастырумен айналысады. Бұған қоса, Аустралиялық Fortescue компаниясының Ресейдегі кеңсесі жабылып, біздегі АХҚО алаңында тіркеліп отыр. Аталған кәсіпорын Қазақстандағы жасыл сутегі бойынша Еуразиялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. KAZAKH INVEST Ұлттық компаниясының Агроөнеркәсіптік кешен, өңдеуші өнеркәсіп бойынша жобалар жетекшісі Айнұр Жұманбаеваның айтуынша, Қазақстанға тартылған инвестициялар алдымен Қазақстан экономикасының дамуы үшін тиімді болмақ.

«Шетелдік инвесторлар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік шиеленісті азайтуға оң ықпал етеді. Сондай-ақ ел бюджетіне түсетін жеке табыс салығы арқылы кіріс кірмек. Осы ретте, шетелдік және отандық инвесторлардың құқығын қорғау үшін үкімет жанынан арнайы инвестициялық штаб құрылған. Егер қандай да мемлекеттік орган тарапынан инвестордың құқығы бұзылғаны анықталған болса, бұл мәселе аталған штабтың қарауына ұсынылады. Мысалы, іс жүзінде жер телімін бермеу, қандай да бір құрылыс жүргізу кезінде келісім беру қағазын кешіктіру сияқты проблемалар туындауы мүмкін», – дейді Айнұр Жұманбаева.

Қаламгүл Әділова

Тегтер: