Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 10 Шілде 2025

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі

өңдеу өнеркәсіп
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударылуда. Мақсат –өңдеу саласын дамытып, экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту. Нәтижелер де жаман емес. Прогресс байқалады. Мәселен, өткен жылдың бастапқы төрт айында өндіріс көлемі шамамен 7,1 трлн теңгеге жетіп, өңдеу өнеркәсібі өсім көрсетті.

Жеке тоқталар болсақ, металл бұйымдар, жиһаз өндірісі, машина жасауда жақсы нәтиже көрсетті. Жыл қорытындысы бойынша да өнеркәсіптік өндіріс индексі өңдеу секторында 6 пайызға жуық өсім берді. Әрі инвестиция қарқыны жоғары болып, 2024 жылы шамамен 1,3–1,5 трлн теңгені құрайтын 180 жоба жоспарланып, оның мыңға жуығы іске қосылды, жаңа жобалар 14–15 мың жұмыс орнын ашуға ықпал етті. Осыдан-ақ нақты нәтижелерді байқауға болады.

Арнайы экономикалық аймақтарда 372 жоба жүзеге асырылып, 27 700 жұмыс орны құрылды және 730 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылды. Бюджеттен және мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында кәсіпорындардың негізгі қорларын жаңарту, сертификация, озық технология енгізу, декарбонизация және импорт алмастыру бағыттарына басымдық берілді.

Машина жасау саласында, атап айтқанда, автокөлік және теміржол техникасында айтарлықтай даму байқалды. 2024 жылы Қостанайда 77 000‑нан астам жеңіл көлік шығарылды. Көлік компоненттері өндірісі мен жүк вагондары өндірісі 6 есеге дейін өсті. Жүк вагондарының өндірісі 1 021 бірлікке, теміржол рельстері 50 пайызға артты. Электротехника, компьютерлік және электронды-оптикалық жабдықтар өндірісі де 1,7–8,1 есе көбейді. Тұрмыстық техника өндірісі 2023 жылы 52 000 бірліктен 2024 жылы 231 000 бірлікке дейін артты.

Экспорт жағы да жаман емес. Өңдеу өнеркәсібінің ел экспортындағы үлесі де біршама жақсарған. Негізінен шетелдерге өнеркәсіптік сорғылар, кабельдер, тіркемелер және арматуралар шығарылды. Импортты алмастыруға қатысты да оң серпін байқалып отыр.

Биыл осы қарқынды ұстап, прогресс жалғасуы тиіс. 2025-тің алғашқы екі айында өнеркәсіптік өндірістің индексі 105,9 пайызды құрады, өңдеу секторында 8,9 пайыз өсім тіркелді. Оның ішінде Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында оң өзгеріс байқалды. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,5 есеге дейін ұлғайтылуы керек.

Сонымен, 2024–2025 жылдары Қазақстан өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің тұрақты артуы, инвестициялық белсенділіктің өсуі, экспорттық көрсеткіштің жақсаруы, импорт алмастыру бағытындағы прогресс және өңірлер мен салалар аралығында теңгерімді даму үрдісі байқалды. Мақсат – шикізат рөлінен индустрияланған, технология негізіндегі экономикаға көшу.

Балауса ДІЛДӘБЕК

Тегтер: