Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:20

Қазақстанның сегіз боксшысы Азия чемпионаты-2026 финалына шықты

Айбек Оралбай

2026 жылғы 9-10 сәуірде Моңғолия астанасы Улан-Баторда бокстан Азия чемпионатының финал жекпе-жектері өтеді. 

Құрлық біріншілігінің медальдары әйелдер арасында 10, ерлер арасында тағы 10 салмақ дәрежесінде сарапқа салынады. Қазақстан атынан алтын жүлде үшін үш қыз бен бес ер боксшы сынға түседі.

70 келіге дейінгі салмақта Бақыт Сейдіш үндістандық Арундхати Чоудхаримен жұдырықтасады. 80 келіге дейінгі салмақта Надежда Рябец Өзбекстан өкілі Рухшона Парпиеваға қарсы рингке шығады. Ал аса ауыр салмақта Дина Исламбекованың қарсыласы – үндістандық Альфия Тараннум Хан Патхан.

Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (85 кг) финалда 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен кездеседі. Оның егізі Айбек Оралбай аса ауыр салмақта Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Данабек Байқоныспен чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады. Айбек – екі дүркін Азия чемпионы (2022, 2024) және әлем чемпионы (2025), ал Данабек – Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері әрі 2025 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері.

Төрехан Сабырхан (70 кг) алтын үшін иорданиялық Зеяд Ишаишпен кездеседі. Оразбек Асылқұлов (60 кг) үндістандық Сачинмен финалда жұдырықтасады. Ал 75 келіде Сабыржан Аққалықовтың қарсыласы – өзбекстандық Жавохир Абдурахимов.

Жалпы, қола жүлделерді қоса есептегенде, Қазақстан құрамасы бұл Азия чемпионатында 13 медаль еншілейді.