Қазақстанның сыртқы қарызы рекорд қойды

Қазақстанның сыртқы қарызы 2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша 170,5 миллиард АҚШ долларына жетті.
Жыл басынан бері 5,7 миллиард долларға өскен. Ұлттық Банктің хабарлауынша, бұл өсімнің 3,4 миллиард доллары төлем балансына байланысты операциялардың әсерінен болса, қалған 2,3 миллиард доллары валюта бағамы мен өзге де факторлардың өзгеруінен туындаған.
Сыртқы қарыздың басым бөлігі – 87,1 пайызы – бастапқы өтеу мерзімі бір жылдан асатын ұзақмерзімді міндеттемелерден тұрады.
Қарыз құрылымында шетелдік кредиттер мен займдар (71,9%) және шетелдіктердің иелігіндегі борыштық бағалы қағаздар (9,3%) негізгі үлесті құрайды.
«Қазақстанның сыртқы қарызының бастапқы өтеу мерзіміне қарай құрылымында 87,1%-ы ұзақ мерзімді (бір жылдан астам) сыртқы қарызға тиесілі, бұл бір жағынан өтімділік тәуекелдерін азайтса, екінші жағынан нарықтық жағдайлардың жалпы өзгерісінің қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді», - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы ел тарихындағы ең жоғары деңгейге жетті. Ұлттық банк келтірген мәліметтерге сәйкес, бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған рекордтық межені еңсеріп отыр:
2001 жыл – 12,6 млрд доллар;
2002 жыл – 15 млрд доллар;
2003 жыл – 18,1 млрд доллар;
2004 жыл – 23,1 млрд доллар;
2005 жыл – 32,7 млрд доллар;
2006 жыл – 43,4 млрд доллар;
2007 жыл – 74 млрд доллар;
2008 жыл – 96,9 млрд доллар;
2009 жыл – 107,9 млрд доллар;
2010 жыл – 112,9 млрд доллар;
2011 жыл – 118,2 млрд доллар;
2012 жыл – 125,3 млрд доллар;
2013 жыл – 136,9 млрд доллар;
2014 жыл – 150 млрд доллар;
2015 жыл – 157,1 млрд доллар;
2016 жыл – 153 млрд доллар;
2017 жыл – 163,5 млрд доллар;
2018 жыл – 167,5 млрд доллар;
2019 жыл – 160,3 млрд доллар;
2020 жыл – 159,5 млрд доллар;
2021 жыл – 163,9 млрд доллар;
2022 жыл – 164,1 млрд доллар;
2023 жыл – 161,1 млрд доллар;
2024 жылғы 1 қазан – 166,3 млрд доллар;
2025 жылғы 1 қаңтар – 164,7 млрд доллар;
2025 жылғы 1 сәуір – 170,5 млрд доллар.
Қазақстанның ең ірі сыртқы қарызы Нидерланды алдындағы қарыз, одан кейін Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Қытай және Бермуд аралдары орналасқан.