Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:45, 22 Қазан 2025

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мәскеуде келліссөз өткізді

1
Фото: СІМ

Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты ұстанымдардың бірі — көпвекторлы және прагматикалық бағыт.

 Бұл қағидаттың нақты көрінісі – 23 қазанда Ресейге жасаған Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың ресми сапары болды. Министр Мәскеуде ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары қамтылды: саясат, экономика, энергетика, көлік, логистика және мәдени байланыстар. Тараптар ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен өзара құрметке негізделген қатынастардың жаңа мазмұнмен толығуын атап өтті. Бұл кездесу алдағы уақытта өтетін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапарына дайындықтың маңызды бөлігі саналады.

Бүгінде Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстар айтарлықтай нығайған. 2024 жылы өзара тауар айналымы 28 миллиард АҚШ долларынан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Алдағы мақсат – бұл көлемді 30 миллиард долларға жеткізу. Ресей Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялар көлемі бойынша да жетекші орында тұр – өткен жылы 4 миллиард доллардан астам қаражат құйылған.

Көшербаев пен Лавровтың кездесуінде аймақаралық және шекаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан мен Ресейдің өңірлері арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Көлік дәліздері мен логистикалық бағыттардағы ортақ жобалар екі елдің Еуразия кеңістігіндегі транзиттік әлеуетін күшейтеді.

Сонымен қатар, мәдени және гуманитарлық байланыстардың маңыздылығы да атап өтілді. Тараптар Астанада «Мәңгі достық аллеясын» ашу, МГИМО филиалын және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Омбы қаласындағы бөлімшесін құру туралы бастамаларды қолдады. Мұндай жобалар халықтар арасындағы рухани және мәдени байланыстарды тереңдетіп, жастар арасындағы өзара түсіністікті арттырады.

Келіссөздерде ТМД, ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберіндегі бірлескен жұмыс та талқыланды. Қазақстан мен Ресей өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде өзара қолдау саясатын ұстанып отыр. Бұл ұстаным – Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінің бейбіт дамуында шешуші рөл атқарады.

Кездесу символикалық дата – екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 33 жылдығына орай өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктестік пен сенімге негізделген байланыстардың үлгісін қалыптастырды. Тұрақты саяси диалог, экономикалық өзара тәуелділік және мәдени жақындастық екі мемлекеттің байланысын аймақтық тұрақтылықтың тірегіне айналдырды.

Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының мәні – серіктестік арқылы бейбітшілік пен дамуға үлес қосу. Мәскеудегі келіссөздер осы қағидаттың айқын дәлелі болды: көршілес елдер арасындағы сенім мен ашық диалог болашақта жаңа экономикалық және гуманитарлық мүмкіндіктерге жол ашады.

Тегтер: