Қазақстанның үш азаматы АҚШ-тағы ең қауіпті қылмыскерлер тізіміне енді
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі (DHS) иммиграция және кеден қызметі (ICE) қамауға алған ең қауіпті шетелдік қылмыскерлердің тізімін жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, бұл тізімге Қазақстан азаматтары да енген.
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта DHS пен ICE құрылымдары президент Дональд Трамптың жаппай депортациялау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырып жатыр. Бұл шара ең алдымен аса қауіпті қылмыскерлерге, сондай-ақ құжатсыз иммигранттарға қатысты жүргізілуде.
«Министрдің орынбасары Кристи Ноэмнің басшылығымен DHS және ICE қызметкерлері президенттің тапсырмасын орындап жатыр. Алдымен қоғамға ең үлкен қауіп төндіретін қылмыскерлер анықталып, қамауға алынып жатыр», - делінген министрлік мәлімдемесінде.
Жарияланған тізімде Қазақстаннан үш адам көрсетілген:
-
Алабама штатының Бруквуд қаласында тұтқындалған азамат шабуыл жасағаны және ұрланған мүлікті иемденгені үшін сотталған;
-
Флорида штатында ұсталған екінші қазақстандық ұрлық бойынша жауапқа тартылған;
-
Ал Орегон штатында қолға түскен үшінші азамат қару қолдана отырып шабуыл жасағаны үшін қамауға алынған.
АҚШ билігінің мәліметінше, бұл адамдардың барлығы елден депортациялануы мүмкін. ICE қызметі қылмыстық әрекеттері дәлелденген шетел азаматтарын анықтау және оларды АҚШ аумағынан шығару жұмыстарын жалғастырып жатқанын хабарлады.