Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:41

Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолындағы бастамалары

1
Фото: СІМ

Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу агенттігінің (ОПАНАЛ) штаб-пәтеріне барып, ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Охедамен келіссөздер жүргізді.

 Мексикада өткен кездесу Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы бастамаларының жаһандық деңгейде өзекті екенін тағы бір мәрте айқындады.

Кездесу барысында ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру бағытындағы халықаралық күш-жігер және көпжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Қазақстанның бұл бағыттағы саясаты жүйелі әрі дәйекті сипатқа ие. Ел тәуелсіздік алғаннан бері ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды сыртқы саясаттың басым бағытына айналдырды.

Қазақстан қазір Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа (ОАЯҚТШ) төрағалық етіп отыр, соған сай өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосып келеді. Осы тұрғыда Латын Америкасындағы ядролық қарусыз аймақтың үйлестірушісі саналатын ОПАНАЛ-мен әріптестікті нығайту ерекше маңызға ие.

Елші Алмұрат Тұрғанбеков өз сөзінде Қазақстанның ядролық қарусыздану бастамаларын дамытуда ОПАНАЛ-дың рөлі жоғары екенін айтып, тұрақты қолдау көрсетіп отырғаны үшін ұйым өкілдеріне алғыс білдірді. Әсіресе 2024 жылғы желтоқсанда аталған ұйым мен Орталық Азиядағы шарт арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам жасалған болатын.

Ал Хуан Карлос Охеда Қазақстан ядролық қарудан азат әлем құру бағытында үлкен жұмыс істеп жатқанын айтып, Астананың бұл бағыттағы өңірлік және жаһандық деңгейдегі еңбегіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстанның бастамалары халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлес қосып отыр.

Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамалары декларативті сипатпен шектелмейді. Астана Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында да ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеді. Сондай-ақ ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту де Қазақстан дипломатиясының маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

Кездесу барысында қос тарап Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға да назар аударды. Қазақстан тарапы өңірдегі тұрақсыздықтың ядролық қауіпсіздікке төндіретін қатерін атап өтіп, мұндайда халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру қажет екенін айтты. Бұл ұстаным еліміздің жаһандық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.

Сондай-ақ қазақ дипломаты еліміздегі саяси жаңғыру үдерістері туралы айтып, қолға алынып жатқан жаңа бастамалар мен реформаларға тоқталды. Осы қатарда 2026 жылы елімізде өтетін өңірлік экологиялық саммит халықаралық әріптестердің қызығушылығын тудырып отырғаны сөз болды.

Мексикадағы кездесу Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылық рөлін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Елдің бейбітшілікке негізделген саясаты мен жаһандық қауіпсіздікке қосып келе жатқан үлесі халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғаны анық.

Елназ Қуанқызы