Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 01 Ақпан 2024

Қазақстанның жасыл экономикасы көмірге сүйенеді

ТЭЦ
Фото: Kazpravda.kz

Былтыр жыл соңындағы үкіметтің уәдесіне сенсек, биыл энергетика, индустрияландыру, көлік өндірісі, инфрақұрылым саласының бағы жанатын жыл.

 Үкімет әсіресе елдегі әбден ескірген, азып тозған жылу электр орталықтарын жаңғыртуды басты назарда ұстамақ. Осы орайда Қазақстанның үш қаласына көршіміз Ресей ЖЭО салып беретін болып та келісімге келген. Енді Ресей елімізде салатын сол құрылысқа зейнетақы қорынан инвестиция тартылатыны белгілі болды.

«Самұрық-Қазына» қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов бағдарлама бойынша операторлар «Бәйтерек» холдингі және «Самұрық Қазына» қоры болады дейді. Зейнетақы қорынан ЖЭО салуға жұмсалатын қаражаттың көлемі – 1,5 трлн теңге. Бұған Екібастұз ГРЭС-2 жобасын қаржыландырмақ. Бұдан бөлек Рысқұлов зейнетақы қорынан бөлінетін қаражат көмір өндірісіне де бағытталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жобаларға банктер тарапынан қаржат алу қиын.

Банктер қаражат бөлуді қиынсынған салаға неге халықтың зейнетақы қорынан қаржы берілуі керек? Бұған дейін де талай дамиды деген салаларға бөлінген қаржы өзін-өзі ақтаған жоқ деп есептейтін сарапшылар бар. Расында да біз бұған дейін де зейнетақы қорының қаражатының есебінен біраз салаларды дамытпақ болдық. Бұл салаларды дамытуға бұған дейін де Ұлттық қордан, БЖЗҚ-дан қаражат бөлінді. Қаражат ұзақ мерзімге 15-20 жылға қарызға берілгендіктен әлі қайтқан жоқ. Бір ғана мысал, 2016 жылы Алматыда «MEGA Silk Way» сауда орталығының құрылысын салуға «Бәйтерек» компаниясына бөлінген БЖЗҚ қаражаты 15 жылға берілді. Несие сомасы 15 млрд теңге. Оған «Бәйтеректің» есепшотындағы қаражат кепілдік болған. Ставкасына келетін болсақ, бұл қаражатты Қазақстанның даму банкі БЖЗҚ-нан 15 пайызбен алған, ал аталмыш құрылысты салуға «Бәйтерекке» 16,5 пайызбен берген. Осы тұста-ақ мамандар мұндай құрылыстарды салуға жекелеген инвесторлардан қаражат тарту керектігін, зейнетақы қорының қаражатын бұлай жұмсауға болмайтынын айтқан.

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың сөзіне сүйенсек, 2017-2018 жылдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (300 млрд теңге) қаражаты коммерциялық банктерді қолдауға да қосымша қаражат ретінде бөлініп келді. Күні бүгінге дейін осы бағыттан жаңылмай БЖЗҚ-ның қаражаты банктерге, бюджет тапшылығын қаржыландыруға және банктердің жоғары тәуекелі бар облигацияларына салынып жатыр. ЖЭО салуға зейнетақы қорынан ақша бөлу де тәуекелі мол іс.

«Үкімет елдегі үш ЖЭО-ның құрылысын ресейліктер салады деп отыр. Меніңше, мұндай мемлекеттік маңызы бар нысандардың құрылысын салуды Ресейге беру дұрыс емес. Қазір әлем жасыл энергетиканы дамытып, күн мен желден энергия алуға талпынып жатқанда көмір өнеркәсібін дамытуға зейнетақы қорынан қаражат бөлуіміз қисынға келмейді. Кейін біз көмірімізді өзімізден басқа ешкімге өткізе алмай қаламыз. Өйткені әлем бізден көшілгері дамып кетті. Болашақта қатты отынның бұл түрін экспорттау да азаяды. Көмір жағып отыратын ел болмайды», – дейді сарапшы.

Маман осылай дегенімен, біз қатты отынның бұл түрімен әлі біраз түтін түтетіп отыратын сыңайлымыз. Өйткені ресейліктер салатын үш ЖЭО-да көмірмен жұмыс істейді. Мұны «неге жылу электр орталықтарын Ресей салуы керек» деген сауалға жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев нақтылай түскен. Халықаралық институттар көмір генерациясын қаржыландыруға құлықсыз, ал қазақстандық компаниялар тендерге қатыспаған, көмір жағатын станция тұрғызуға Ресей ғана келісіпті. Сондай-ақ Көкшетауда былтыр ЖЭС салу бойынша тендер жарияланып, «қатысушы жоқтығынан» өтпей қалғанын биыл мамырда премьер-министр Әлихан Смайылов та айтқан. Ал Семей мен Өскеменде ЖЭС салу тендері жарияланған, жарияланбағаны туралы ақпарат та жоқ. Тек Қазақстандағы үш қалаға ЖЭС салатын компания ретінде «Интер РАО – Экспорт» компаниясы аталады. Бұл компания Ресей энергиясын экспорттап, импорттайтын негізгі оператор – «Интер РАО» компаниясының құрамына енеді. «Интер РАО» – Қазақстанда 2019 жылға дейін «Екібастұз ГРЭС-2» кәсіпорнына иелік еткен. 2022 жылы Финляндия НАТО-ға қосылғаннан кейін Ресей осы компанияның жұмысын саяси құрал ретінде пайдаланып, Финляндияға энергия жеткізуді тоқтатқан.

Экономист Тоғжан Шаяхметова:

«Былтыр наурызда Финляндия НАТО-ға қосылды. Ресей мен Украинаның арасы дұрыс болмай бастағаннан кейін ол ел 1300 шақырым ортақ шекарасы бар көршісінен қауіптенді. Финляндияның мұнысы Ресейдің шамына тиіп, бұл елге энергия жеткізуді бірден тоқтатты. Ресей мұндай ірі кәсіпорындарды саяси құрал ретінде де пайдаланып жібереді. Қазір Ресейдің экономикасына халықаралық сарапшылар оң баға беріп жатқан жоқ. Ресейге ірі инвесторлар инвестиция салудан қашуда. Сондықтан өз басым, белгілі бір қордан қаражат бөліп, ірі жобаларды белгілі бір елге сеніп тапсырарда, оны қаржыландырғанда әбден ойланған жөн деп есептеймін», – дейді.

Кезінде зейнетақы қорынан «ауылға арзан қаражат апарамыз, ауылдың өндірістік қабілетін арттырамыз» деп «ҚазАгроға» 450 млрд теңге бөлінді. Ол кезде де табысы өз басынан артылмайтын мұндай холдингке зейнетақы қорының қаражатын беру тиімсіз екенін мамандар айтқан. Бірақ бұған құлақ асқан ешкім болмады. Қазір «ҚазАгро» холдингінің жұмысы тоқтаған. Оның бүкіл қарыздарын қайтару «Бәйтерек» ұлттық холдингіне жүктелген. Екінші деңгейлі банктерді қолдауға да зейнетақы қорынан 300 млрд теңге (2018 жылы), ҚТЖ-ны «дамытуға» да млрдтар бөлінді. Тіпті «Болашақтың энергиясы» деп айдай әлемге жар салып өткізген ЭКСПО көрмесін салуға да зейнетақы қорының қаражаты жұмсалды. Ең қызығы, болашақтың энергиясы туралы көрме өткізсек те, біз келешекте көмір жағып, от көсеуге қатты құштармыз. Көмірмен жанатын ЖЭО-ның құрылысын салуда Ресейге қолқа салып отырғанымыз сол «Болашақтың энергиясын» дамытуға қауқарымыз жетпей жатқанының көрінісі емес пе?!

Экологтар да қыруар қаржыны көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ға жұмсау орынсыз дейді. Гидрогеолог және эколог Ғазиза Түсіпова қазіргі уақытта Өскеменде көмір пайдаланатын жылу орталығын салуға болмайды дейді.

«Қаладағы ЖЭО дұрыс жұмыс істемейтіндіктен қаланы үнемі түтін, күл басып тұрады. Енді осындай түтінді мол шығаратын тағы бір орталық салуға жол беруге болмайды. Өскеменде уран, алтын, титан өндіретін металлургиялық зауыттар жұмыс істейді. «Көмірмен жанатын кәсіпорындар санын азайту керек» деп жүргенімізде, қатты отын жағатын ЖЭО құрылысын салу алдымен халыққа зиян. Оның салдарын жою үшін, экологияны қалыпқа келтіру үшін қаншама қаражат қажет болады. Қазір әлем өркениетке ұмтылып жатқанда біздің көмір өндірісін дамытуға бейімделуіміз кері кетумен тең».

Біз қолымызды мезгілінен кеш сермеген сияқтымыз. Дөп сермесек те райынан қайта қояр үкімет көрінбейді. Биыл Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында құрылыс басталады. ЖЭО салу туралы шешім мемлекеттің жасыл энергияға көшу саясатынан көмір лоббиі басым түскенін көрсетеді. Деректерге жүгінсек, болашақта қатты отынның бұл түрін тұтыну расымен де азаятынын байқаймыз. Өйткені қазір Еуропа қоршаған ортаға зиян өнімдерді қабылдаудан бас тартып жатыр. Еуроодақ көміртегі салығын енгізіп, оны экспорттаушыларды қысып жатыр. Негізінде, осыдан үш жыл бұрынғы Париж келісіміне сәйкес Қазақстан да Еуропа елдері тәрізді көміртегіден арылуға қарай қадам басуы керек. 2060 жылы елде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 70 пайызға жетуге тиіс. Қазір бізде олардың көрсеткіші – 4 пайыздай ғана. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» дейтін ұмыт болған даму тұжырымдамасы секілді 2060 жылды да еуропалықтар ұмытып кетеді дейтін сияқты. Әйтпесе, халықтың ақшасымен көмір жағып отырмас еді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: