Қазақстанның жиһаз өнеркәсібі. Өнім мен өсім

Осы жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,4 пайызға өсті, тау-кен өнеркәсібі 7,8 пайызға және өңдеу өнеркәсібінде 6 пайызға артты.
Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалады: қара металлургияда, машина жасауда, тамақ өнімдерін шығаруда, мұнай өңдеуде, химия өнеркәсібінде, құрылыс материалдарын өндіруде, резеңке және пластмасса бұйымдарында, дайын металл бұйымдарында, машиналар мен жабдықтардан басқа жеңіл өнеркәсіпте және жиһаз өндірісінде.
Иә, өңдеу ісінің дамып жатқаны, отандық өнімдердің көбейіп, қолданыстағы үлесі артқаны, тіпті экспортқа шыға бастағаны көңіл қуантады. Мысалы, жиһаз өнеркәсібі қарқынды түрде дамып келеді. Алдымен сандар сөйлесін. 2023 жылы Қазақстанда жиһаз өндірісінің көлемі 82,6 млрд теңге, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28 пайыз артық болды. Ішкі нарық тұтынуы шамамен 245,2 млрд теңге, оның ішінде отандық өндірушілер үлесі 31,1 пайызды құрады. Экспорт 2023 жылы 14 млн долларға жетіп, содан бері артып жатыр. Инвестиция да едәуір өскен.
QazIndustry мәліметтеріне қарағанда Қазақстанда былтырғы жылы жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 105,4 млрд теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27,6 пайызға артық. Бұл өсім жатын бөлмелерге, кеңселерге және қоғамдық орындарға арналған ағаш жиһаз өндірісінің артуымен байланысты.
2024 жылы Қазақстандағы жиһаз нарығының көлемі 309,8 млрд теңгені құраса, оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі 31 пайыздан асып жығылады. Елде 1 791 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 1 785-і шағын, 5-еуі орта және біреуі ірі кәсіпорын санатына жатады. Қазақстандық компаниялар өндірісті дамытып, жаңа технологияларды енгізіп, өнім сапасын жақсартуға басымдық беріп жатыр.
Қазақстанның жиһаз өнеркәсібінің одан әрі өсуі үшін келесі негізгі міндеттерді шешу қажет. Оның ішіне өндірістің жергілікті деңгейін арттыру – отандық шикізат пен құрамдас бөліктердің үлесін көбейту кіреді. Бұдан бөлек, экспорт әлеуетін дамыту да қазіргі өзекті салалардың бірі. Себебі жиһазды сыртқы нарықтарға шығару және халықаралық деңгейде қазақстандық өнімді ілгерілету қажет. Өндірісті цифрландыру және автоматтандыру арқылы алдағы уақытта жаңа технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға болады.
Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп нарығы 2024 жылы 4,3 млрд долларды құрады, оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі шамамен 6 пайыз болды. Жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,09 пайыз, өнеркәсіптік өндірісте 0,4 пайыз, ал өңдеу өнеркәсібінде 0,9 пайызды құрайды. Бұл сала 28 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, оның 60 пайызын әйелдер құрайды. Жалпы жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топтан тұрады. Олар: тоқыма өнеркәсібі, яғни мақта-маталар, жүн және аралас маталар, синтетикалық және табиғи талшықтар; киім өндірісі, яғни арнайы және жұмыс киімдері, күнделікті және сәндік киімдер, әскери және спорттық киімдер; былғары өнімдер өндірісі, яғни аяқкиімдер, былғары және тері бұйымдары, былғары сөмкелер мен белдіктер. Осы салада бүгінде 1 411 кәсіпорын жұмыс істеп, оның 803-і тігін, 481-і тоқыма, 122-сі былғары өнімдерін өндіреді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты – ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, шикізаттық модельден бас тарту. Осы мақсатқа жету үшін инвестициялар тартылып, жаңа жобалар іске асырылып, жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.
Сондай-ақ Қазақстанда автомобиль жасау ісі де қарқынды түрде дамуда. Бүгінде елімізде JAC, Chevrolet, KIA, Lada, Jetour, Hongqi, Skoda, Hyundai және Genesis брендтерін шығаратын екі автозауыт жұмыс істейді. Биыл тағы екі жаңа кәсіпорын ашылмақ. Олар Алматыдағы мультибренд зауыты мен Қостанайдағы KIA зауыты. Болашақта Алматыда CHANGAN, Haval және CHERY сияқты брендтердің автомобильдерін шығару жоспарлануда. Биыл 147 824 автомобиль шығару көзделген.
Балауса ДІЛДӘБЕК